"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Кәсіп

ЖӘРМЕҢКЕ: «ДЕМЕЖАН» МЕН «НҰРБЕРГЕННІҢ» САУДАСЫ

Мерекеде хромтаулық шаруалар қала тұрғындарына ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізді.

Кеншілер мәдениет үйі маңында өткен жәрмеңкеге ауданға қарасты елді мекендерден кәсіпкерлер келіп, өздерінің өнімдерін саудаға салды. Атап өтсек, Тассайдағы «Демежан» шаруа қожалығы 1 ірі қараның еті мен сүт өнімдерін тұтынушыларға ұсынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсібін бастаған кәсіпкерлер де өз үлестерін қосып, тауық, қаз, бөдене құстарының еті мен 300 дана жұмыртқаны нарықтық құннан арзан бағада сатылымға шығарды.

— Жәрмеңкеге келгеніме көп болмады, сатылып жатқан өнімдердің бағаларымен танысып шықтым. Бағалары керемет! Халыққа өте қолайлы. Сатылымда қолдан жасалған құрт, сары май, қаймақ та бар екен, дәмін татып көрдім — ұнады. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса нұр үстіне – нұр болар еді, — деді қала тұрғыны Рәзия Биболатова.

Сиыр, қой еттерін сатылымға шығарған «Нұрберген» қожалығының өкілі саудасының қызу жүргеніне дән риза.

Еттің келісін 2200 теңгеден саттық, бағасы тиімді әрі семіз малдың еті болғандықтан өтімі тез болды. Аудан орталығында өтетін жәрмеңкелерге тұрақты қатысамыз, халық та үйреніскен. Бұрындары келушілер саны аз болатын, қазір әкелген өнімдеріміз бір сағаттың көлемінде толықтай сатылып кетеді, — деді ол.

Сондай-ақ аудан шаруаларының өнімдерінен бөлек Бизнесті дамыту орталығының қолдауымен көрші Қарғалы, Ырғыз аудандарынан әкелінген көкөніс пен балықтың бағасын сатып алушылар қолжетімді деп таныды.

Толғанай ЕСБОЛСЫН

 

ПІКІР ЖАЗУ