"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

«1 сағат кері шегеріледі». Депутат бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің тиімділігін айтты

Келесі жылдан бастап елімізде бірыңғай  уақыт белдеуі енгізіледі. Ұзақ  талқылау мен зерттеудің нәтижесінен кейін мамандар осындай шешім қабылдаудың тиімді екенін айтып отыр. Бізде қазір екі  уақыт белдеуі бойынша бағамдалады. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау,  Қызылорда облыстарында  басқа  облыстарға қарағанда 1 сағат уақытқа артта. Келесі жылдан бастап Қазақстанның барлық аймағында бірыңғай уақыт белдеуі  енгізіледі. Яғни Батыс аймақтағы төрт облыс  және Қызылорда облысы секілді 12 облыста да сағат тілі 60 минутқа кері шегеріледі. Бұл қаншалықты тиімді  болмақ? Мәжіліс депутаты Еркін Әбілден сұрап, тілдестік.

– Еркін Аманжолұлы, бұл қаншалықты тиімді? Мысалы табиғи уақытпен безбендегенде ұтарымыз көп пе?

– Қазіргі қыс мезгілінде  өзіңіз бағамдап көріңіз,  Астана қаласында мектеп оқушылары  таңғы сағат 8:00-де сабақ оқуды бастайды. Бұл уақытта таң рауандап ата ма, жоқ  қараңғылық әлі де басып тұра ма? Әрине қараңғы болады.  Сағат тілі сырғып таңғы 9:00-ге келгенде  ғана күн ұясынан көтеріледі. Астана қаласындағы жағдайды айтып отырмын.

– Иә, солай.

– Енді біз келесі жылдан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп, батыс облыстардағыдай сағат тілін  60 минутқа кері шегерсек, балаларымыз  азанда сабаққа  алақараңғыда емес,  таң атып, күн шыға бастағанда барады, ұйқысы да қанады. Өйткені табиғи уақыт  өлшеміне сай оянады.

– Басқа қандай артықшылықтары болады?

–Экономикалық тұрғыдан да тиімді. Пойыздардың жүру кестесі, ұшақтардың ұшу  уақыты да әрқилы. Соның бәрін бірыңғай  уақыт белдеуіне көшірсек, табиғи  уақытына  сай келеді. Маңғыстау  немесе Атырау я болмаса Ақтөбе облыстарында  кешкі сағат 17:00-де жұмыс уақыты жүріп жатыр. Ал басқа қалаларда, 18:00-ден өтіп барады, жұмыс уақыты аяқталды. Осы қаншалықты тиімді? Батыста отырып бас қалаға  құжат жолдасаң, жұмыс уақыты аяқталғандықтан, жұмыста ешкім болмауы себепті   қабылдамайды дегендей. Қарапайым қисынға салғанда осылай. Бұл тек экономикалық тұрғыдан  саралағандағы жайт. Ал енді денсаулық мәселесіне келер болсақ, соңғы 10 жылдың бедерінде жүргізілген зерттеудің нәтижесіне   зер салсақ, табиғи уақытпен  бірыңғай сағат белдеуінің қабысуы денсаулыққа да қолайлы екені  нақтыланып отыр. Қазіргі біздің уақыт белдеуі балалардың да ағзасына  кері әсерін тигізеді. Өзіңіз ойлаңыз, 6-7 жастағы 1-сынып оқитын баланы таңғы сегізде басталатын  сабағына апару үшін кемінде 7:00-де ұйқысынан оятасыз, дала бұл кезде тас қараңғы болып тұрады. Оның ұйқысы қанбағандықтан әрі табиғи  мезет бойынша таң атпағандықтан әрең оянады. Бұл бірте-бірте денсаулыққа да зиян келтіреді. Ал енді   тәуліктің өлшемі сағат тілін 60 минутқа кері шегерсек, таңғы сегіздегі сабаққа баратын балаңыз оянғанда табиғи мезет  бойынша бұрынғы уақыт белдеуіндегі тоғыздың кезі болады.  Бала тағы да бір сағат ұйықтайды.

– Ертеректе жазғы және қысқы уақыт деп сағат тілін  көктемде бір сағатқа алға,  күздің басында бір сағатқа кері шегеруші едік. 2005 жылдан бастап бұл үрдіс тоқтады.

– Біз қалпына келтірсек  деп отырған UTC+5 уақыты өте тиімді болады. Мұның оңтайлы екені  осы уақытқа  дейін ұзақ зерттелді, сараланды. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің тиімділігін зерттеген  ғалымдарға тіпті 2017 жылы Нобель сыйлығы берілгенін де білеміз.  Еліміздің әр аймағы территориялық орналасуы бойынша табиғи уақыттан 30 минут айырмасы болуы керек. Әлемдік консенсус байламына салсақ, әрбір территория өзінің табиғи уақытына жақын болуы тиіс. Ал бізде Шығыс Қазақстан облысынан басқа аймақтың ешқайсы да табиғи уақытқа жақын емес. Біз келесі жылдан бастап UTC+5 жүйесіне көшетін болсақ, онда  тек батыстағы төрт облыста ғана уақыт айырмашылығы табиғи мезеттен  жарты сағаттан артық болады. Ал 13 облыста айырмашылық 30 минуттан да  төмендейді.

Келесі жылдың 29 ақпанында түнгі сағат 00:00-де Үкіметтің қаулысы бойынша 13 облыста сағат тілі 60 минутқа кері шегеріліп, батыс облыстардағы уақытпен теңестіріледі. Мұндай қадамға барудың тиімді екеніне келесі жылы көз жеткіземіз.

«1 сағат  кері шегеріледі». Депутат  бірыңғай уақыт белдеуіне  көшудің тиімділігін айтты

ПІКІР ЖАЗУ