«AMANAT» партиясының аудандық филиалы өкілдері қыз-келіншектерді төл мерекесімен құттықтады. Олардың арасында көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар балалардың аналары және зейнеткерлер бар.
Партияның Хромтау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаева көпбалалы аналардың үйіне арнайы барып, ілтипатын білдірді. Сегіз баланы өмірге әкелген «Алтын алқа» иегері Амангүл Сапинаға және жеті баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Гаухар Бақбергеноваға партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің құттықтау хатын табыстап, құрмет көрсетті.
— Ана — үйдің берекесін арттырып, шаңыраққа жылу сыйлайтын ең аяулы жан. Олар тек отбасының ғана емес, тұтас ұлттың ұйытқысы. Аналардың ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлесі ұшан-теңіз. Ал көп баланың анасы болу — нағыз ерлік. Сондықтан да ана мен балаға айрықша қамқорлық жасау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әйелдер құқығын қорғау — «AMANAT» партиясының негізгі басымдығы, — деді Майра Балқыбаева.
Амангүл Сапина көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, жас отбасылар бала санын шектемеуі керек.
— Отбасының берекесі — балада. Әр бала өз несібесімен өмірге келеді. Қазақта «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген жақсы сөз бар ғой. Сондықтан да «баланы асырай алмай қаламын» деп шектеу қоюға болмайды. Баланы дүниеге әкелгеннен кейін оның саналы ұрпақ болуына барыңды салу керек. Менің де басты мақсатым — балаларымды қатарынан қалдырмай өсіру, сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру, — деді ол.
Партия тарапынан көрсетілген сый-құрметке аяулы жандар өз ризашылығын білдірді.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА