"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

«АУЫЛ АМАНАТЫ»: 153 ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті.
Жиында аудандық жастар ресурсының директоры Қарлығаш Өмірзақова, аудандық дін істері орталығының басшысы Досхан Бегімбетовтер салаға қатысты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асланбек Бурабай «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Сонымен қатар аудандық аумақтық инспекция басшысы Нұрлан Әлмұратов шегірткелердің жоғарылауы және жалпылама таралуы жайлы баяндады.
Ауданымызда 14-35 жас аралығында 12342 жас бар. Оның ішінде 9252-сі — қала жастары, қалғандары — ауыл жастары. 16-35 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі — 1,5 пайыз. Мәлім болғандай, былтыр оқу орындарының жұмыссыз жас түлектері мамандығы бойынша тәжірибе жинақтау мақсатында жастар тәжірибесіне 77 адам жолданыпты. Бұл орайда сала басшысы жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы да өткен жылғы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Ауданымызда діни ахуал тұрақты. Досхан Бегімбетовтің айтуынша, осы уақытқа дейін жүйелі түрде атқарылған жұмыстар нәтижесінде аудан облыс көлемімінде көш бастап тұр. Алайда, атқарылатын жұмыстар одан да көп.
Асланбек Бурабай аудан басшысына «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы жайында баяндады. Аталған жобаның басты мақсатын ескерсек, жұмыссыздық деңгейі аудан көлемінде біраз төмендеген. Себебі, аудан бойынша жұмыссыз боп есептелетін 39 азамат осы жоба арқылы қаржыланып, кәсіп игерген.
— Ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында Хромтау ауданы бойынша 730,5 миллион теңге құрайтын 159 жоба «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылды. Оның ішінде 79 жоба — құс шаруашылығы, 10 жоба — өсімдік шаруашылығы, 10 жоба — мал шаруашылығы және 60 жоба шағын және орта кәсіп бағытында жасалды, — деді сала басшысы.
Бүгінгі күні аталған жоба аясында жалпы құны 696,9 млн.тг болатын 153 жоба мақұлданыпты. Оның 144-не несие берілген.
Аппарат жиынында аудан басшысы жасалған жұмыстарға оң баға беріп, бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес атқарылатын көлемді жобаларға қолдау білдіретінін де жеткізді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ