"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

БІРЛЕСКЕН СЕНБІЛІКТІҢ НӘТИЖЕСІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде Дөң ауылындағы жасыл аймақта сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шара «Восход-Оriel» кәсіпорны мен ауыл әкімдігінің бірлесуімен жүзеге асырылды.

Ауыл маңындағы белгіленген жасыл аймаққа отырғызылған көшеттерді күтіп-баптаудан бөлек, бұл жерді толықтай қоқыстан тазарту жұмыстарына 60-тан астам адам жұмылдырылды. Солардың қатарында ауыл тұғыны, ардагер ұстаз Серғазы Байарыстанов та болды. Зейнеткер тазалық акциясына белсене қатысып, қоғамдық жұмыста көпке үлгі болды.

— Мемлекет басшысының бастауымен қолдау тапқан тазалық науқанының аясында ауыл маңындағы жасыл аймаққа «Восход-Оriel» ұжымымен бірлесіп санитарлық жұмыстарды үнемі жасауға дағдыланып келеміз. Оңды бастамаға қолдау білдірген ауыл азаматтарына да алғыс білдіремін. Ауылдың тазалығы — біздің шынайы бет-бейнеміз. Сондықтан алдағы науқандарға да бірлесіп, белесене атсалысуға шақырамын, — деді ол.

Жалпы аудан аумағында аталған акция аясында 2250 түп ағаш көшеті отырғызылып, 16 саябақ пен скверлерге тазалық жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, Хромтау қаласы мен ауылдық округтерде орнатылған батырлар мен белгілі тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштердің айналасы тазартылды.

Ал жаппай сенбіліктер нәтижесінде аудан бойынша тазалық науқанына 2150 адам қатысып, 22 жүк тиегіш техника жұмылдырылды, 92 тонна қоқыс полигонға шығарылды. Сонымен қатар жалпы саны 92 еңбек ұжымы (кәсіпорын, ұйымдар мен мекемелер) атсалысып, тазарту жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Мұндай экологиялық акция жыл бойы жүзеге асырылмақ.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ