"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

БӨГЕТ ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР

Аудан аумағындағы ірі су қоймаларының бірі — сыйымдылығы 11,9 текше метр болатын «Мағаджан» дамбасының негізгі бағыты балық шаруашылығы екені көпке белгілі.  Алайда арнасынан асқан еріген су бөгетті жарып өтіп, жағалай орналасқан ауылдар мен қыстақтарға қауіп төндіргендіктен, төтенше жағдайлар құрылымдарымен эвакуация жұмыстары жүргізілді.

Қарқынды еріген қар суының салдарынан Табантал ауылының маңында орналасқан «Мағаджан» су қоймасының бөгеті бұзылып, әсерінен көршілес Алға ауданының Қызылту ауылынан 25 адам, Табантал қыстағынан 11 адам Бесқоспа ауылдық округінің мектебіне эвакуацияланды. Жарылған бөгетке Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың басшысы Олжас Бектенов арнайы ұшып келіп, аймақ басшысына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Мәселен, су қоймаларындағы жиналған суды ұстап қалатын берік қорғандардың қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді және Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы – барлық келтірілген шығындарды толық өтеуді тапсырды.

Аталған су қоймасының жайылу факторы болғанымен, төрт түлік пен тұрғын үйлерге зақым келмеді. Барлық жағдай жергілікті төтенше жағдайлар бөлімі мен арнайы құрылған штабтың толық бақылауында. Ал «Мағаджан» су қоймасының иесі Мықтыбек Исмағанбетов бөгетті бөгеу жұмыстарын бастағанын айтты.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ