Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев өңірде студент жастармен, «Көкшетау-Энерго» серіктестігінің ұжымымен кездесіп, бейбіт атом энергетикасын дамытудың келешегі мәселесін талқылады.
Министрлік басшысымен кездесуге Ш.Уәлиханов Көкшетау мемлекеттік университетінің, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттің, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының, Гуманитарлық-техникалық академияның студенттері қатысты. Басты тақырып бейбіт атом төңірегінде болды. Болашақтың жайын бағамдаған кездесу барысында министр атом энергетикасының еліміз үшін қаншалықты маңызды екеніне тереңірек тоқталып, дамуы мен қауіпсіздігі төңірегінде ой толғады. Министр елімізде электр энергиясын өндірудің негізгі үлесін, жалпы өнімнің 66 пайызын қамтамасыз ететін көмір стансалары құрайтынын, жаңартылған энергия өндіру үлесі шамамен 6 пайыз екенін айтып өтті. Электр энергиясын пайдалану көлемі бір орында тұрмайтыны белгілі. 2035 жылға қарай тұтыну көлемі сағатына 152,4 млрд кВт құрауы мүмкін. Бұл ретте қазір жұмыс істеп тұрған энергия көздерін өндіру бірқатар объективті себепке байланысты төмендейді. Осыған байланысты 2035 жылға қарай жалпы қуаты 26,5 ГВт болатын жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосу қажеттігі туындайды.
Қазір бүкіл әлем көміртегіне бет бұрып жатыр. Сондықтан халықаралық қаржы институттары көмір электр стансаларының құрылысына инвестиция салуға құштар емес. Қазақстан еліміздегі газ ресурстарының біршама шектеулі болуына байланысты газ генерациясын кеңінен енгізуді жүзеге асыра алмайды. Демек жаңартылған энергия көздерінің жұмысын болжау қиын. АЭС құрылысы тоқтап тұрған қуаттарды алмастырудың және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің бірден-бір дұрыс шешімі болмақ деген пікір айтылды.
Министр студенттерге ядролық реакторларды пайдаланудың әлемдік тәжірибесі, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи шаралары туралы кеңінен таратып айтып берді. Ашық пікір алмасуға жастар белсенді араласып, атом энергетикасының болашағы, оның экологиялық қауіпсіздігі және экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі рөлі туралы сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды. Маңызды мәселелер талқыланған жүздесу барысында ел ертеңіне сеніммен қарайтын жастар еліміздегі атом энергетикасының болашағы мен тұрақты дамуға қосатын үлесі туралы жан-жақты хабардар болды.
Энергетика министрі облыс орталығындағы «Көкшетау-Энерго» ЖШС жұмысымен танысып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Бұл жерде де атом электр стансасының қаншалықты маңызды екені жан-жақты түсіндірілді. Ел экономикасының тұрақты дамуы электр энергиясына сұраныстың артуымен қатар жүретінін бұл ұжым жақсы біледі. Өнеркәсіп, металлургия, көлік, ІТ, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жаңа жобаларды іске асыру үшін қазірдің өзінде электр энергиясына деген сұраныс жоғары.