"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫ: ЖАҒДАЙ ТОЛЫҚ БАҚЫЛАУДА

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың төрағалығымен аудан аумағындағы көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бойынша жиналыс өтті. Жиынға Хромтау қаласы мен ауылдық округ әкімдері, салалық бөлім басшылары мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері қатысты.

Жалпы аудандағы ахуал мен көктемгі су тасқынына дайындық шаралары туралы баяндаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Арман Алмағанбетов жағдайдың толық бақылауда екенін алға тартып, атқарылуға тиіс жұмыстар жөнінде баяндады. Мәліметке сүйенсек, сала мамандары аудан орталығы мен ауылдық округтерді аралау барысында бірнеше атқарылуға тиіс шараларды аңғарған. Мәселен, Хромтау қаласының көшелері мен үйлерін су басу қауіпі бар учаскелерін аралау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде Хромтау қаласының орталығы қырлы болғандықтан, жер бедеріне сәйкес, еріген қар суларының ағып өту жолына қарай екі бөлікке бөліп қарастырған. Қаланың аталған бөліктерінде жақын орналасқан үйлерге қауіптілік тудырмас үшін, тазартылған суағарды жалғастыра қазу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі пайда болған және судың ағып кету жолындағы суағарлар мен құбырларды қар мен мұздан уақытылы тазарту жұмыстарын жүргізу қажеттілігін баяндады.

— Қазіргі таңда аудандық маңызы бар жолдарды қоса алғанда 9 көпір мен 128 су өткізетін құбырдың барлығы басты назарға алынды. Ауылдық әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп 91 суағар тазартылды. Көктемгі су тасқынына қарсы ауылдарда 14 мотопомпа мен 14 жартылай тіркеме дайындалып, 3000 қап таратылды, — деді сала басшысы Арман Алмағанбетов.

Сондай-ақ, төтенше жағдайға ден қоюға жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар бөлімінен арнайы 228 жеке құрам, 75 арнайы техника, 17 жергілікті ескерту жүйесі, 4 дана С-40 хабарлау жүйесі, 8 қайық, 16 су сорғыш (мотопомпа), 26 эвакуациялау пункті жасақталды.

Су тасқынының алдын алуға бөлінген қаржыға 2,3 тонна жанар-жағар май, 700 тонна инертті материал, 2000 дана қапшық қоры дайындалған.

Жиында аудан басшысы жауапты орынбасар мен барлық ауыл әкімдеріне және сала басшыларына үнемі байланыста болып, бірлесе жұмыс атқару және шұғыл жағдайда қажетті шешімді батыл түрде қабылдауды тапсырды.

— Апат айтып келмейді. Оған көзіміз де жетті. Алайда, кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алу үшін қажетті барлық шаралар уақытылы ұйымдастырылып, құрал-саймандар жабдықталып, арнайы техникаларды да қазірден сайлау қажет, — деді аудан басшысы.

Одан бөлек, жиында эвакуациялық іс-шаралар барысы да пысықталды. Яғни, эвакуациялық орталықтарға жауапты мамандар бекітілді. Аудан басшысы көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарының толыққанды сапалы орындалуын міндеттеді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ