КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған аудан активінің отырысы өтті. Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың төрағалығымен өткен отырысқа қала және ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен бөлім басшылары, ұйымдар мен кәсіпорын жетекшілері қатысты.
Отырыста Конституциялық комиссияның жұмысы және жарияланған жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен ережелері жан-жақты түсіндірілді. Жобаның қоғам сұранысына негізделгені, елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталғаны атап өтілді.
Нұрхан Тілеумұратов өз сөзінде Конституция жобасы ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат екенін айтып, оның мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру, тұрғындармен тікелей кездесулер өткізу, еңбек ұжымдары мен елді мекендерде ашық диалог алаңдарын ұйымдастыру барлық мемлекеттік орган мен қоғамдық институттардың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Жиын барысында жауапты сала басшыларына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, жаңа Конституция жобасының мәнін әрбір тұрғынға қолжетімді форматта жеткізу, кері байланыс тетіктерін жандандыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Актив отырысында қатысушылар жаңа Конституция жобасын толық қолдайтындарын білдіріп, оның мазмұны мен маңызын аудан тұрғындары арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын бірлесіп жалғастырудың маңызын айтты.
