Ауданымызда мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен іс-шарада ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, үздіктердің еңбегі бағаланды.
Салтанатты жиын Мемлекеттік Гимнмен ашылды. Жиында аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов қос сала қызметкерлерінің ел дамуындағы маңызына тоқталды.
— Мемлекеттік қызмет — ел мүддесі жолындағы абыройлы әрі жауапты міндет. Мемлекеттік басқару жүйесінің негізін құрайтын сіздердің ерен еңбектеріңіз, жоғары кәсібиліктеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз қоғамымыздың тұрақты дамуына, ел тыныштығы мен өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Ал тәртіп сақшыларының арқасында азаматтардың заңды құқықтары мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Бұл — қоғам алдындағы ерекше миссия, — деді аудан басшысы.
Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Асхат Шахаровтың, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Айбек Шілмановтың және аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың атынан Алғыс хаттар табысталды. Марапат иелерінің қатарында аудандық бөлімдердің мамандары, ауылдық округ әкімдері мен мамандары, сондай-ақ полиция қызметінің түрлі бағыттағы қызметкерлері бар.
Салтанатты шарада емлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар — Қызылсу ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қарлыға Әлмұрат пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұржан Аманжол мемлекеттік қызметші антын қабылдап, халыққа адал қызмет етуге серт берді.
Шара аясында «Алаш ұраны», «Жақсы адамдар азаймасын», «Елім менің» сынды патриоттық әндер шырқалып, қатысушылардың рухын көтерді.
Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ