"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

МАЙТӨБЕДЕ МҰҒАЛІМДЕР ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛДЫ

МАЙТӨБЕДЕ МҰҒАЛІМДЕР ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛДЫ

Ақтөбе мыс компаниясы жас отбасыға үй сатып алуға көмек көрсетті.
Жаңа жылды Ермахановтар отбасы Майтөбе ауылындағы кең үйде қарсы алды. Бес жыл бұрын Жарас пен Нұрай жас мамандар ретінде осы ауылға жұмысқа келді және сол уақыттан бері жергілікті мектепте еңбек етті. Олар жұмысқа күн сайын көршілес Көктау поселкесінен қатынайтын.
Қазір олардың үйі мен жұмыс орны арасы тым жақын. Балаларының аулада асыр салып ойнауына жағдай жасалған кең де жарық үйлерінде жас мамандар өздерінің алғашқы отбасылық мекелерін қарсы алды.
Жас педагогтар отбасының үй алуына Ақтөбе мыс компаниясы қолдау көрсетті.
Майтөбе — төрт жүзге жуық тұрғын тұратын шағын ауыл. Мұндағылар жұмыс істеуге және мектепті дамытуға ниет білдіргендерді ерекше бағалайды. Ермахановтар отбасы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша осы ауылға келіп, қысқа уақыт ішінде ауылдың белсенді мүшесіне айналды.
— Біз Майтөбеде 2021 жылдан бері жұмыс істейміз. Бұрын көршілес поселкеден күн сайын келетінбіз. Биыл бізге үй берілді, қазір осында тұрып жатырмыз және біртіндеп тұрмысымыз да түзеліп келеді. Қызым балабақшаға барады, күйеуім жұмыс істейді. Ал өзім бала күтіміне байланысты демалыстамын, — дейді Нұрай Ермаханова.
Қызметтік үй жаңа болмаса да, жылы әрі кең. Отбасы мүшелері баспаналарын жайлы әрі ыңғайлы ету үшін жөндеу жұмыстарын және аула мен бақшаны ұйымдастыруды жоспарлап отыр. жаңа қоныс иелері жазда аулаға көкөніс егуге арналған жер бөлмек. Ал әзірге үш жастағы Айлин мен алты айлық Османды ата-анасы өз үйлерінің ауласында таза ауаға шығарып, серуендегенді ұнатады. Бұл отбасының көшіп келуі ауыл тұрғындары үшін де қуанышты жаңалық болды.
— Біз Ақтөбе мыс компаниясына ауылдағы мамандар үшін баспана алу туралы өтініш жасадық. Компания қолдау көрсетіп, ауылдағы мұғалімдерге үй алып берді. Біз бұл көмектері үшін кәсіпорын басшылығына ризашылығымыз зор, — деді ауыл округі әкімі аппаратының бас маманы Ғалымжан Ерназаров.
Бүгінде Майтөбе орта мектебінде 73 оқушы білім алуда, ал 25 бала мектеп жанындағы балабақшаға барады. Білікті педагогтарға мұнда ерекше сұраныс бар. Жарас Ермахан тарих пәнінен сабақ береді және мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Оның айтуынша, көшіп келу отбасы үшін маңызды қадам болған: «Біз осында қалуды жоспарлап отырмыз. Үйіміз, тұрақты жұмысымыз бар, ең бастысы — өз кәсібімізге деген қызығушылығымыз зор. Әсіресе оқушыларымыздың жетістігін көріп, олардың оқуға деген ынтасын байқағанда, жұмысқа деген құлшынысымыз одан әрі арта түседі», — дейді отағасы.
Ермахановтар отбасы жас мамандарға көрсетілген қолдаудың ауылдың дамуына серпін беріп, жергілікті жерде өмір сүру мен еңбек етуге нақты әрі тұрақты жағдай жасай алатынының айқын дәлелі.

Ляззат ӘБДІРОВА

ПІКІР ЖАЗУ