Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жеке қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігінің ортақ мәселесі — тұрғын үй қорынан пәтер алу. Сондай-ақ аудан басшысына тігін ісін дамыту үшін жеке тұрғын үйінің жанынан қосымша жер телімін беру, жеке кәсіп пен шаруа қожалығын ашу үшін жер учаскесін рәсімдеу мәселелері де тұрғындар тарапынан қойылды.
Тұрғын үй мәселесімен келген тұрғындарға әлеуметтік осал топтарға арналған үйдің берілу кезегінің тәртібі түсіндірілді.
— Қазіргі таңда 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің жылыту қазандықтарын іске қосу бойынша атқарылған жұмыстарды тексердік. Ішкі жөндеу жұмыстарын да қатар тексердім, әсіресе, ішкі сылақ жұмыстары көңілімнен шықпады. Жауапты мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктедім. Екі үйдің де жылыту жүйелері толық орнатылғаннан кейін арнайы комиссиялық топ мүшелері тұрғын үйді тексерістен өткізетін болады. Барлық шара аяқталған соң бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялайтын боламыз, — деді аудан басшысы.
Жеке кәсіпкер Асылбек Досаев Құдықсай ауылынан шаруа қожалығын ашу үшін 500 га жер учаскесін алудың мүмкіндігін сұрады.
— Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, мемлекеттік меншіктегі және пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермерге ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде алуға негіз бар, — деді аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов.
Барлық сұрақтарға сала басшылары арқылы тікелей заң аясында жауап беріліп, бірқатар нақты шешімдер де қабылданды.
Еске сала кетейік, аудан әкімінің жеке қабылдауы әр дүйсенбі сағат 15:00 мен 17:00 аралығында өтеді. Жеке қабылдауға аудан әкімшілігінің қабылдау бөліміне тіркелу арқылы жазылуға болады.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА