Аудан орталығынан 110 шақырым жерде орналасқан Табантал ауылында несібе-ризығын төрт түліктен тауып отырғандар аз емес. Ата кәсіпті тіршілігінің өзегіне айналдырғандар шаруашылықтарын ширатып, мал басын арттыруда. Солардың бірі – отбасылық істі өрге домалатып, «Ақай» шаруа қожалығын жүргізіп отырған Қойшыбаевтар әулеті.
«Ақай» шаруа қожалығында 100 бас жылқы, 200 бас ірі қара, 700 бас қой бар. Осындай табысты кәсіптің иесі Өмірзақ Қойшыбаев шаруашылықты 1993 жылы ашқан.
Өмірзақ Қойшыбаев 1936 жылы Жайлаусай ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1952 жылы фермада жұмысшы ретінде бастаған. 1957-1964 жылдары қойшы, 1964-1970 жылдары фермада есепші, 1970-1975 жылдары зоотехник болып жұмыс жасап, үш жылдан соң ферма меңгерушісі қызметіне тағайындалған. Жастайынан ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен ол осы салада мол тәжірибе жинағаннан кейін жеке шаруашылығын ашуға бел буған.
– Отбасылық кәсіпті 10 бас ірі қара, 100 бас қоймен бастадық. Шаруашылығымызды ашқан уақытта балаларымның барлығы ер жеткен еді. Биыл кәсібімізді жүргізіп келе жатқанымызға жиырма тоғыз жыл болды. Қазіргі таңда немереммен бірге Ақтөбе қаласында тұрамын. Кәсіпті ұлдарым жүргізіп отыр, – дейді ол.
Өмірзақ Қойшыбаев пен зайыбы Базар Қойшыбаева 1955 жылы отбасын құрған. Олар ұзақ жылдар бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп, 8 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп өсірген.
– Ата-анамыз ізгі қасиеттерге тәрбиелеп, үнемі білімге құштар болудың маңыздылығын айтып отыратын. Анамыз 2000 жылы қайтыс болды. Оған үй шаруасына көмек беріп, жүгіріп жүретініміз есімізде. Ақкөңіл, қонақжай жан еді. Болашақ ұрпақ үшін анамыз қолданған келсапты отбасылық жәдігер ретінде сақтап қойдық, – дейді балалары.
Берекесі мен бірлігі жарасқан Қойшыбаевтар әулеті – ауданымыздың үлгілі отбасыларының бірі. Олар 2017 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, облыстық кезеңнен ІІ орынды жеңіп алды. Ал ағымдағы жылы Табантал ауылының әкімі ауданның ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлесін қосып жүрген өнегелі отбасыға Алғыс хат табыстады.
Қазіргі таңда «Ақай» шаруа қожалығына шаңырақтың бесінші ұлы Қуаныш Қойшыбаев басшылық етуде. Мал басын тұқымның тектілігін жоғалтпай көбейтуді басты назарда ұстайтын ол әкеден мирас болған шаруашылықты сәтті жүргізіп келеді.
– Шаруашылықты бауырларыммен бірге жүргізіп отырмыз. Екі жыл сайын еділбай қошқар, әулиекөл сиырларын алып келіп тұрамыз. Алдағы уақытта шаруашылығымызды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Жақында мемлекеттік бағдарлама арқылы нисие алып, трактор алдық, – дейді шаруа.
Қуаңшылық әсерінен шөптің шығымдылығының аздығы, мал арасында тарайтын түрлі жұқпалы аурулар сынды қиыншылықтар мал шаруашалығының дамуын тежейтіні белгілі. Өткен жылы ауа-райының құрғақшылығы, шілде айында шалғын көбелектің жаппай таралуы егіс алаңдарына айтарлықтай зиян келтірген болатын. Алайда бұның салдары «Ақай» шаруа қожалығына әсер етпеді. Себебі мұнда егін шаруашылығы да жолға қойылған.
– Кез келген кәсіп барысында қиындықтар туындап отырады. Соның ішінде шаруашылықты жүргізу оңай емес. Себебі шаруалар ауа райының қолайсыздығының салдарынан түрлі қиындықтармен бетпе-бет келеді. Әсіресе, қуаңшылық кезінде мал азығы таппай, біраз әбігерге түседі. Аталған мәселенің біздің кәсібімізге де ауыртпашылық алып келуіне сәл қалған еді. Дегенмен өзіміз өсірген мал азығы бұның алдын алды. Қазір де кәсібімізді ойдағыдай жүргізу үшін егін егеміз, – дейді Қуаныш Қойшыбаев.
Шаруашылықтың негізін қалаушы Өмірзақ Қойшыбаев ауылға жиі барып тұрады. Бүгінде сексен алты жасқа келген ақсақал тынымсыз еңбегінің жемісін көріп отыр. Оның 35 немересі мен 40 шөбересі бар.
– Немерелерімнің жетістіктері көп. Олар оқуда озат, салауатты өмір салтын ұстанады. Білім додаларынан, спорттық жарыстардан жүлделі орындарға иеленіп жүр. Қазір солардың қуаныштарына куә болып, тілеулерін тілеп отырмын, – дейді қария.
Жанел Өтеулі