Тарихы тереңде жатқан Наурыз мейрамын биыл еліміз жаңа форматта атап өтті. 14 наурыз – Амал мерекесінен бастау алған ұлық мейрам наурыз айының 23 жұлдызы – «Тазару күніне» дейін жалғасын тапты. «Наурызнама» онкүндігінің тоғызыншы күні жыл басы – Наурыз. Берекенің бастауы болған әз-Наурыз тойы Хромтау қаласының орталық алаңында тойланды. Ұлық тойда «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 12 қанат ақ орда тігіп, көпке есігін айқара ашты.
Түйе пірі Ойсылқараның атауын иеленген отаудың іші ұлттық нақышта безендірілген. Ондағы мақсат – ішкі туризмді дамыту, өңіріміздегі тарихи ескерткіштерді ұмыт қалдырмай, оларға келуші саяхатшылардың санын арттыру.
– Ойсылқара – әулие, түйе өсірушілердің пірі әрі түйенің киесі. Әулиенің қорымы XVIII ғасыр мен XX ғасырдың басына жатқызылады. Қорым Хромтау қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан. Бұл өңірде басын Мұғалжар тауларынан алып, Ор өзеніне құятын Көкпекті, Ойсылқара атты өзендер бар. Ойсылқара мекені Құдықсай ауылдық округінің аумағында. Өзеннің сол жақ жағалауында 100 метрдей қашықтықта биіктігі 4 метрдей биік төбе басында «Ойсылқара обасы» орналасқан. Обаның бастапқы биіктігі қазіргі күйінен әлдеқайда биіктеу болған секілді. Бірақ ғасырлар бойғы табиғат құбылыстарының әсерінен оба аласарған. Жағалбайлы мен шекті руларының зираты болып табылатын қорымның 30-ға жуық құлыптастарында кіші жүз руларының таңбалары қашалған, – дейді келушілерді отаумен таныстырған Айман Болатқызы.
«Ойсылқара» ордасының төрінен батырдың дулығасынан бастап, сауыт, садақ, оқ-дәрілер, алмас қылыш секілді қару түрлері мен жеті қазынаның бірі саналатын берен мылтық және теріден тігілген ішік пен тымақ секілді қазақ халқының ұлттық киімдері, ат әбзелдері орын тапқан. Ұлттық аспаптар мен киіз үйдің жабдықтарынан көрме ұйымдастырылып, күйші қыздар домбырада ойнап, күмбірлеген күй төкті. Сондай-ақ ағаш үйдің ішіндегі көрмеге қолданыстан шыға қоймаса да, бүгінгі күні сирек кездесетін ыдыс-аяқтарды тұрмыстық бұйымдар, оның ішінде торсық, келі-келісап, ағаш астаулар, ожаулар, кеселер мен сандықтар қойылып, сандықтың үстіне меймандар келгенде төрге жаятын көрпе-жастық әжелердің қолынан шыққан құрақ көрпешелер жиналған. Компания киіз үйдің ұсақ бөлшектеріне дейін мән беріп, керегені тұскиізбен әсемдеп, қолдан тігілген басқұрлармен безендірген.
«Ойсылқара» ордасына аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов бастаған қадірлі қонақтар да бас сұғып, наурыз көжеден дәм татты.
– Мемлекет басшысы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Наурыз мейрамының маңыздылығын ерекше атап өтті. Биыл жаңаша кейіпте тойланып жатқан мерекеге «Ақтөбе мыс компаниясы» жоғары дәрежеде дайындалған. Бұл компанияның жергілікті халықтың салт-дәстүріне деген құрметін білдіреді, – деген аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов компания үшін ұлу жылының табысты болуын тіледі.
Компанияның көпке жайған дастарханында бауырсақ, жент, құртпен бірге айран, қымыз, шұбат сусындары болды.
«Ойсылқара» ордасының дастарханынан дәм татуға келген жандар алғысын білдіріп, ұлттық бұйымдармен суретке түсіп жатты.
– Мен бүгінгі думанды тамашалауға Көктаудан арнайы келіп, АМК тіккен ақ боз үйде қонақ болдым. Компания аудан орталығында ғана емес, ауылдағы мерекенің тиісті деңгейде өтуіне де атсалысады. Наурыз мерекесіне қаржылай көмек көрсетуді Ақтөбе мыс компаниясы игі дәстүрге айналдырғанына қуаныштымын. Биыл ауылымыздағы 21 сәуірге жоспарланған Наурыз тойына да өз үлестерін қосарына сенімдімін, – дейді Көктау ауылының тұрғыны Баян Каипова.
Толғанай ЕСБОЛСЫН