"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

Сенатор Ұлттық құрылтайдың негізгі мазмұнын талдады

20 қаңтарда Ұлттық құрылтай соңғы рет өтіп, жұмысын тоқтатты. Президент жанындағы Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары болған сенатор Бибігүл Жексенбай жиында айтылған негізгі ойларды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәңгілік міндеттер миссиясы

Сенатор Қызылордадағы басқосу Ұлттық құрылтайдың миссиясын қорытындылап, оның мәңгілік міндетін айқындағанын айтты.

Бұл жолғы Құрылтай өткен кезеңнің нәтижесін таразылап қана қойған жоқ, мемлекеттің ұзақ мерзімді даму философиясын нақтылады. Құрылтай тарихи жадыны жаңғыртатын символдық алаңнан қоғам мен билік арасындағы жауапкершілік келісімін қалыптастыратын тұрақты институт деңгейіне көтерілді, — деді Бибігүл Жексенбай.

Ол Ұлттық құрылтайдағы басты сұрақ “не істедік?” дегеннен гөрі, “алдағы онжылдықтарда қандай мемлекет болуымыз керек?” деген стратегиялық пайымға ойысқанын атады.

Қызылордада Ұлттық құрылтайдың уақытша саяси науқан емес, ұлттың тарихи санасын, құқықтық мәдениетін және институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз ететін мәңгілік міндеті айқындалды. Бұл — қоғамның үнін билік шешіміне айналдыру, реформалардың сабақтастығын сақтау және мемлекетті әділет, заң мен жауапкершілік қағидаттары, — деді сенатор.

Бибігүл Жексенбай мемлекеттің шынайы қуаты жер көлемімен, әскер санымен, экономикалық көрсеткіштерімен ғана өлшенбейтінін жеткізді. Оның ойынша, ел қуаты қоғамның өз өткеніне үңіле алу қабілетімен, бүгінгі күрделі шешімдерді қабылдай білуімен және ертеңге байыппен қарай алуымен өлшенеді.

Қазақстандағы Ұлттық құрылтай естелік үшін емес, ертеңгі күн алдындағы жауапкершілікке қызмет ететін институт екенін көрсетті, — деді ол.

“Қызылорда – стратегиялық таңдау”

Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының Қызылордада өтуі құрмет көрсету үшін жасалған ишара емес, терең мағынасы бар стратегиялық таңдау екеніне тоқталды.

Президенттің “Сыр – Алаштың анасы” деуі өткенге жасалған тағзым ғана емес. Бұл – мемлекеттілік бір сәтте пайда болмайтынын, оның үздіксіз процесс екенін еске салу. Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент – жай археологиялық атаулар емес. Бұлар – қазақ жерінің ежелден қала салғанын, басқару мәдениетін қалыптастырғанын, өркениеттік тәжірибесі болғанын дәлелдейтін белгілер. Ал бір ғасыр бұрынғы астана болған Қызылорда – көне өркениет пен қазіргі мемлекетті жалғап тұрған көпір, — деді ол.

“Құрылтай инвестицияға айналды”

Тарих бағыт берсе, реформалар жылдамдықты анықтайды. Сенатор Ұлттық құрылтай бұл тұрғыда өз мүмкіндігін дәлелдегенін атады.

Президент Құрылтай мүшелерінің ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданғанын айтты. Бұл – жай статистика емес. Бұл – мемлекеттің жаңа ойлау жүйесі. Енді шешімдер жоғарыдан түспейді, қоғаммен бірге пісіп-жетіледі. Әйелдер мен балаларды қорғау, зиянды әдеттермен күрес, еңбекке құрмет, ономастика, “Адал азамат” құндылықтары – мұның бәрі жаңа сападағы ұлтты қалыптастырудың элементтері, — деді ол.

Бибігүл Жексенбай 2009 жылы Қазақстанға сапары кезінде өзі сұқбат алған, Израильді жеті жыл тиімді басқарып, әлемдік деңгейдегі мықты саясаткерлер санатында болған Шимон Перестің сөзін еске алды.

Шимон Перестің “Болашақ қорқынышқа емес, үмітке инвестиция салғандарға тиесілі” деген сөзі бар. Қазақстан жағдайында Құрылтай дәл сондай инвестицияға айналды – сенімге, қатысуға, ортақ жауапкершілікке, — деп түйіндеді ол.

“Формалды мандаттан саналы жауапкершілікке”

Сенатор тарихи құрылтай тағдырлы шешімдер қабылданатын, жауапкершілік ортақ болатын кеңістік болғанын атап, осы қағиданы қазіргі саяси жүйеге енгізуді формалды мандаттан саналы жауапкершілікке көшу деп санайды.

Жаңа Құрылтай – архаика емес. Бұл демократиялық өкілдікті ұлттық мәдени кодпен үйлестіруге жасалған талпыныс деп ойлаймын. Құрылтай – өкілді биліктің өзегі болса, Халық кеңесі – қоғамдық мағынаның үні. Президент сөзімен айтсақ, “Реформалар қоғамның сұранысын үнемі ескеріп отыруы тиіс”. Халық кеңесі Парламенттің орнын баспайды, бірақ оны қоғаммен байланыстырады. Заң бастамасы құқығының берілуі – қоғамның пікірін нақты саяси шешімге айналдырудың жаңа деңгейі, — деді Бибігүл Жексенбай.

Болашақтың сәулеті: эмоция емес, тұрақты институт

Сенатордың пікірінше, Құрылтай, Халық кеңесі, жаңартылған конституциялық тетіктер тұрақтылық архитектурасын қалыптастырады.

Реформалар – үздіксіз процесс. Бұл – төңкерістен емес, эволюциядан үміт күту. Әлсіз институттар мен қызған эмоциялардан күйреген әлемде Қазақстан ұзақ қашықтыққа есептелген салқын ақылды таңдайды, — деді ол.

Бибігүл Жексенбай Ұлттық Құрылтайда жарияланған реформалар логикасында болашақ Қазақстанның бейнесін осылай айқындайды:

  • мемлекет тыңдайтын, бірақ бейберекет емес;
  • билік сайланатын әрі кәсіби;
  • қоғам белсенді әрі жауапты;
  • патриотизм агрессиясыз, жасампаз.

Ұлттық құрылтай мен Халық кеңесі – осы жүйеде өткен, бүгін және болашақ арасындағы ұрпақтар диалогының механизмі. Бәлкім, Президент ишара еткен реформалардың ең терең мәні де осында болар: болашақтан қорқып емес, оған сеніп шешім қабылдайтын ел құру, — деп қорытындылады ол.

ПІКІР ЖАЗУ