"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ҚоғамМәдениет

СЕНБІЛІК: 2 МЫҢ АДАМ, 22 ТЕХНИКА

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың төрағалығымен аппарат жиыны өткізілді.

Жиынға ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты. Аудан басшысы жиын басында аудандық ішкі саясат бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Нұргүл Сейітқалиды ресми таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Жиында көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар, аудан аумағында екі айлық сенбілік жұмыстарының алғашқы аптасының қорытындысы мен ауыз су құбырын санитарлық норма негізінде хлорлау тәсілімен залалсыздандыру бойынша дайындық жұмыстары баяндалды.

Қала және ауылдық округтердегі тазалық жұмыстары бойынша баяндаған аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исембайұлы республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында құрылған жоспар бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

— Тазалық науқаны аясында барлық мекемелер мен ұйымдар барынша белсенділік танытуда. Алғашқы аптада сенбілікке аудан бойынша екі мыңға жуық адам қатысып, 22 арнайы техника жұмылдырылған болатын. Қоқыс полигондары екі ай мерзімінде қоқыстарды тегін қабылдайды, — деді ол.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Арман Исаұлы көктемгі су тасқынына қарсы ұйымдастырылған іс-шараларды қорытындылады. Сала басшысының айтуынша, қар тазарту және шығару жұмыстарының жүйелі түрде ұйымдастырылуы — Хромтау қаласының еріген қар суы басуының алдын алды.

—  Десе де, өзен бойында орналасқан ауылдық округтерге су басу қаупі болғанын жасырмаймын. Ор өзенінің деңгейі көтерілгенде, Көктөбе, Көктау, Бөгетсай мен Қопа секілді ауылдарда тілсіз жаумен бетпе-бет келдік. Еріген қар суының тасуы әсерінен ауыларалық жолдарда қатынас үзіліп, жарық сөнді. Көктөбе ауылының тұрғындары мен төрт түлікке эвакуация жасап, адам және материалдық шығынның да алдын алдық. Алайда ауданға моторлы қайықтар, жаңа мотопомпалар мен барлық деңгейдегі жолдардағы су өткізгіш құбырлардың санын арттыру қажет, — деді сала басшысы өз баяндамасында.

Аудан басшысы су тасқыны кезінде білек сыбанып қызмет атқарған барлық құтқарушыға тағы бір мәрте алғыс білдіріп, айтылған ұсыныстардың орынды екенін алға тартты. Әсіресе, техникалық жабдықтардың ескіргенін, тіпті кейбір ауылдарда жоқтығы сезілгенін айтқан аудан басшысы төтенше жағдай департаментімен бірлесіп, қажетті саймандарды жаңарту керектігін мәлімдеді.

Сонымен қатар аппарат жиынында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Индира Аяғанова аудан аумағында ауызсу құбырларын санитарлық норма негізінде хлорлау тәсілімен залалсыздандыру бойынша қорытынды ақпаратпен бөлісті. Одан бөлек, сала басшысы ауыл әкімдеріне төрт түлік арасындағы сібір жарасы ауруы бойынша да жүйелі жұмыстануды жүктеді.

Жиын соңында аудан басшысы барлық мекеме мен бөлім басшыларына екі айлық сенбілік жұмыстарына белсенді қатысуды тапсырды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ