"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – КІШІГЕ МІНДЕТ

Наурыздың алғашқы күнінде аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов ұзақ жылдар бойы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбек сіңірген ардагерлерге алғыс айтып, құрмет көрсетті.

Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласының үздігі, еңбек ардагері Байділдә Шүнкеев пен ұлағатты ұстаз Жұмасұлу Өркенованың шаңырағында болып, мерейлі мерекемен құттықтап, ардагерлердің ақ батасын алды.

Байділда Шүнкеев 1947 жылы Дөң ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1966 жылы экскаватор машинисінің көмекшісі болып бастап, кеңшар төрағасына дейін көтеріледі. Саналы ғұмырында ауданның ауыл шаруашылығы саласына үлесін тигізген ақсақал марапат пен мадақтамалардан да кенде емес.

— Алғыс айту — үлкенге құрмет көрсететін, еңбек адамына ризашылық білдіретін ізгі қасиеттердің бірі. Осы орайда сіздердің еңбектеріңізге алғыс білдіремін. Ғасыр жасаңыздар, — деді аудан басшысы.

Сондай-ақ Нұрхан Тілеумұратов көп жылдар бойы білім саласында ұстаздық қызмет еткен Жұмасұлу Өркенованың да үйіне барып, арнайы құттықтады. Ардагер ұстаздың көп жылғы еңбегі мен тәжірибесі жастарға үлгі екенін айтқан аудан басшысы зейнеткерге мерекелік сыйлық табыстады.

Еңбекке ерте араласқан Жұмасұлу апай өзінің еңбек жолын 1971 жылы бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, мектеп директорына дейін көтеріліп, партия мүшесі сияқты саяси қызметті де қатар алған. Тәуелсіздік жылдары Хромтау қаласы әкімінің кеңесші-психолог қызметін атқарды. Аудан басшысы мерекелік дастархан басында ардагер ұстазбен білім саласының бүгіні мен ертеңі жайында әңгімелесті.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ