Аудан әкімінің орынбасары Сәндібек Жаконовтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібінде комиссия мүшелері ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарының әлеуметтік мәселелері, оны шешудің жолдары талқыланды. Бұл туралы аудандық білім және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері басшыларның баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ жиында отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы да тыңдалды. Құзырлы мекеме өкілдері ауылдық жерлерде тұратын балаларды қосымша біліммен, спорт секцияларымен және үйірмелермен барынша қамтуды қамтамасыз ету іс-шараларына қатысты баяндады.
Аудандық білім бөлімінің өкілдері ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуда арнайы мамандардың жетіспейтіндігін, оның орнын толтыру үшін облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының биылғы түлектерімен кездесулер өткізіп, жас мамандарды ауданға тарту бағытында жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтса, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілер мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
— Еліміздің 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңі өткізіледі. Осы бағытта қазақстандық отбасылардың имиджін насихаттау мақсатында өткен жылы аудандық кезеңге 14 отбасы қатысуға өтініш білдірді. Оның ішінен комиссия шешімімен санаттары мен жетістіктеріне, марапаттарына, ұрпақтар сабақтастығына , отбасылық құндылықтары мен іскерлік шеберліктеріне назар аударылып, облыстық кезеңге ауданнан екі отбасы жіберілді. Аудан намысын қорғаған отбасылар облыстық кезеңде жүлделі екінші және үшінші орындарды жеңіп алып, салтанатты шараға қатысып, облыс әкімінің марапаттарына ие болды. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды жастар арасында насихаттау мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыс жоспары негізінде әр түрлі іс-шараларды да жүзеге асырып келеді, — деген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұргүл Сейтқали өз сөзінде жастар ресурстық орталығы жанындағы «Отбасын қолдау орталғы» қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, арнайы екі бірлік штат берілгенін де тілге тиек етті.
Қоғамдық тәртіпті сақтауда күні-түні қызмет ететін Хромтау ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Қуаныш Мырзагелдин зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шараларға тоқталып, заңға енгізілген өзгерістер туралы айтты.
— Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің мақсаты — нәзік жандылардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларға қарсы құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендету. Бұл мақсатта аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі жеке құраммен бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Биыл 15-26 қаңтар аралығында аудан бойынша «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасын өткіздік. Іс-шара барсында аудандық полиция бөлімінің есебінде тұрған нұсқамасы және ерекше талап қою ұйғарымы шығарылған азаматтарды тұрғылықты мекен жайы бойынша учаскелік полиция инспекторларымен бірге тексеріп, оларға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Одан кейін 26-28 сәуір аралығында «Қоғамдық тәртіпті сақтау» жедел профилактикалық іс-шара негізінде ювеналдық полиция инспекторларымен қолайсыз отбасыларды тексеріп, мекен жай жұмыстарын жүргіздік. Ағымдағы жылдың төрт айында отбасында ойран салған 125 тұлғаға қорғау нұсқамасы қойылса, сот шешімімен 112 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар қойылды. Осылайша отбасына ойран салған 125 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Хромтау ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Қуаныш Мырзагелдин.
Комиссия отырысының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Сәндібек Мұратұлы:
— Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясатты ұтымды жүзеге асыру. Бұл мақсатта құрылған комиссия ауданда жұмыс жасап, тоқсан сайын тұрақты түрде отырыс өткізіп келеді. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Біз комиссия отырысында көтерілген ұсыныстарды назарға алып, жұмыс жасайтын боламыз, — деді.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА