Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокуратура органдарында азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі қадағалау қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетті болжамды-талдамалық орталық етіп, қайта құру жұмысы жүргізілуде.
Жиналған мәліметтерді, жасанды интеллектіні және талдамалық құралдарды бірыңғай деректер жүйесіне біріктіру құқықтық тәртіпті жүйелі басқаруға жаңа мүмкіндіктер береді.
Осы негізде орталық және өңірлік деңгейде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету жөніндегі Жобалық кеңсе құрылуда.
Негізгі мақсаты – азаматтық қоғамның құқық қорғау және адам құқықтарын қорғау құрылымдарымен тығыз өзара іс-қимылын қамтамасыз ете отырып, қоғамның барлық топтарында құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру.
Ел бойынша құқық бұзушылыққа төзбеушілікті күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне бағытталған акциялар өткізілуде.
Бірқатар өңірлерде бүкіл ауыл болып алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартып, бұл қылмыстың азаюына, кей жерлерде оның мүлдем жасалмауына ықпал етті.
Заң мен этикалық нормалардың бұзылуы туралы хабарлап, қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуға белсенді қатысатын азаматтарды ынталандыру жүйесі әзірленуде.
Елдегі қылмыс деңгейі тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын айта кету керек.
9 айдың қорытындысы бойынша 98,5 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға аз. Әсіресе аса ауыр қылмыстардың, ұрлық, тонау және қарақшылық фактілерінің айтарлықтай қысқарғаны байқалады.
Жүйелі профилактика, құқық қорғау үдерістерінің цифрландырылуы, «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру оң нәтиже берді.
Асылов Берік, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры