"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ҚоғамМәдениет

АЯУЛЫ ЖАНДАР АРДАҚТАЛДЫ

Аудан орталығындағы «Кеншілер» мәдениет үйінде «Сұлу қыз, ару әйел, асыл ана» атты аудан өнерпаздарының ұйымдастыруымен мерекелік концерт өткізілді. Кешке аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов қатысып, аяулы аналар мен нәзік жандарды мерекемен құттықтады.

— Елімізде әйелдерге барлық жағдай жасалуда. Олар білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, өндіріс пен құқық қорғау және басқа да салаларда табысты еңбек етіп жүр. Қыз-келіншектер еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене атсалысуда. Қазыналы Хромтау жерінде де ауданымыздың дамуына, қала мен ауылдың көркеюіне елеулі үлестерін қосып, әр салада аянбай еңбек етіп жүрген абзал аналарамыз бен аяулы аруларымыз жетерлік. Мәселен, ауданымызда 23215 нәзік жандылар өмір сүреді. Ал оның 15190-ы Хромтау қаласында тұрақтанса, қалғандары ауылдық округтерде қоныстанған. Жыл сайын саны артып келе жатқан әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі ерекше. Кез келген істе әйелдердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі айқын көрінеді. Олар барлық ортада үндестік пен үйлесімді, өзара түсіністік пен татулықты нығайтуға ұйытқы болады. Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне белсене араласып, қиын қыстау кезде демеу болып жүргендеріңіз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін, — деді Н.Тілеумұратов.

Аудан әкімі мерекелік шарада әр салада жетістікке жеткен аруларға облыс әкімінің және өз атынан Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті. Аудан басшысының қолынан марапат алғандар қатарында хромтаулық Амангүл Юсупова да болды. Мүгедектігіне налымай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, бір емес бірнеше жұмысты қатар алып жүрген Амангүлдің бұл еңбегі көпке үлгі.

— Мерекемізде еңбегіміздің еленіп, марапат алып жатқаныма қуаныштымын. Барлық әйел тек жақсылыққа лайық. Осы бір еңбегімізді ескерген аудан басшысына өз алғысымды білдіремін, — деді марапат иесі.

Аудан басшысы одан бөлек, алтын құрсақты аналарға мемлекеттік наградалар —  «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстап, ауданда бала туу көрсеткіші өскендігін алға тартып, аналар қауымына аудан демографиясына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Аудан өнерпаздарымен бірге Әлиғазы Төртқара, Сағдат Бөлебаев секілді өнер жұлдыздары да төбе көрсетіп, әсем әуендерімен нәзік жандарды қуанышқа бөледі.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ