"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Мәдениет

Қазақстанда «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісі» бағдарламасы бойынша грант саны екі есе өсті

Соңғы бес жылда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі архив, кітапхана және кітап ісін дамыту, осы салалардағы кадрлық әлеуетті нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.

Бүгінде республика бойынша ҚР Президентінің Архиві мен төрт арнайы мемлекеттік архивті қоса алғанда, барлығы 236 архив мекемесі жұмыс істейді. Ұлттық архив қорында 74,5 мың қорды қамтитын 27,8 миллионнан астам сақтау бірлігі бар.

Білікті мамандар даярлау мақсатында «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісі» бағыты бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы екі есе өсті – бакалавриат бойынша грант саны 20-дан 100-ге дейін көбейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, архив және кітапхана саласы бойынша кадр даярлауға еліміздің бес өңірінде қосымша 89 грант бөлінді.

Жамбыл облысындағы Қордай және Жамбыл аудандық архивтерінің, Ақтөбе облысындағы Темір аудандық архивінің, сондай-ақ Астанадағы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді.

Мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру мақсатында 2023 жылы Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындалды. Сыйлық «Проза», «Поэзия», «Балалар әдебиеті» және «Драматургия» номинациялары бойынша беріледі. Әр номинация бойынша жүлде қоры – 4,1 миллион теңге. Мемлекет басшысының 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағын қайта енгізу мақсатында 2023 жылғы 16 қазанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл ұлттық әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосқан қаламгерлер еңбегінің ресми бағалануы.

2025 жылғы 23 сәуірде Мемлекет басшысының бастамасымен белгіленген Ұлттық кітап күні алғаш рет аталып өтті. Мереке барысында әдеби үдерісті жандандырып, дарынды авторларды қолдауға бағытталған «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Тарихи жадты сақтау – маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Батырларға тағзым» веб-порталын іске қосты. Онда Ұлы Отан соғысына қатысқан 690 мыңнан астам жауынгер туралы мәліметтер топтастырылған. Олардың қатарында 365 Кеңес Одағының Батыры, екі мәрте батыр атанған төрт жауынгер және Даңқ орденінің 19 иегері бар. Қорғаныс министрлігімен бірлесіп 6 615 қазақстандық әскери тұтқын жөніндегі деректер енгізілді. Сондай-ақ KAZNEB.KZ платформасында майдангер жазушылардың шығармаларының аудионұсқалары жарияланды.

«Архив – 2025» жобасы аясында 14 елден мыңнан астам бірегей тарихи құжат жиналды. Архив материалдарын сақтау мен бірыңғай электрондық архивтің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр.

Осы жылы ҚР Ұлттық архиві халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытты. Сауд Арабиясы, Ресей, Литва және Түркия елдерінің архив қызметтерімен меморандумдарға қол қойылып, құжаттық мұраны цифрландыру және сақтау бағытындағы бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Тамыз айында Өзбекстанның Бұхара қаласында Қазақстан архивтері күні өтіп, онда «Өзбекстан мен Қазақстанның архивтік құжаттарындағы мәдени ынтымақтастық» бірлескен басылымы таныстырылды. Маусым айында Мәскеу қаласында «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерлігіне арналған құжаттық куәлік» фотоальбомы ұсынылды.

Қазақстан Жазушылар одағы Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің қолдауымен үш ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» білім беру платформасы және ТМД елдерінің архивтерінде қазақстандық авторлардың шығармашылығын зерттеу бойынша ғылыми бағдарлама.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Ерлік пен еңбек дастаны» атты республикалық байқау өткізіліп, ол жұмысшы мамандық иелерінің ерлігі мен еңбегіне арналды. Байқауға еліміздің барлық өңірінен 45 шығарма ұсынылды.

Қазақстандық баспагерлер Бейжің, Гуанчжоу және Майндағы Франкфурт қалаларындағы ірі халықаралық кітап көрмелеріне қатысып қайтты.

Ұлттық академиялық кітапхана мен «Air Astana» авиакомпаниясының бірлескен жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында әуе кемелерінде Абай, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин секілді қазақ классиктерінің аудиошығармалары, сондай-ақ халық күйлері, эпостары мен музыкалық туындылары қолжетімді.

Сапалы әдебиетті кең аудиторияға таратуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру да – маңызды бағыттардың бірі. Мемлекеттік тапсырыс аясында 2025 жылдың соңына дейін жалпы 236 мың дана тиражбен 118 кітап басылып, тарату жоспарланған.

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде жалпы қолжетімді кітапханалар желісі 3 883 кітапханаға жетті, олардың кітап қоры – 72 283 946 дана, пайдаланушылар саны 3 292 226 адам болды. Республика бойынша кітапханаларға оқырмандардың келу саны – 51 921 261.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес кітапханаларды жаңғырту және тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын салу мәселелері қаралуда.

Осы жылдан бастап «Қазақстанның жалпыға қолжетімді кітапханаларын жаңғыртудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы» жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес, кітапхана қызметі, технологиялық деңгейі мен қолайлылығын арттыруға бағытталған трансформациялық іс-шаралар жүзеге асырылуда. Цифрлық сервистерді енгізу, материалдық-техникалық базаны жаңарту және көпфункциялы кітапхана кеңістіктерін құру көзделген.

ҚР Ұлттық кітапханасы 2025 жылы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуда және 2025–2029 жылдарға арналған «Кореяға терезе» жобасы аясында Малайзияның Селангор штатының Орталық кітапханасы корпорациясы мен Корея Республикасының Ұлттық кітапханасымен меморандумдарға қол қойды.

Бұл бастамалар мәдени жадыны сақтауға, архив және кітапхана ісінің мәртебесін көтеруге, сондай-ақ қазақ әдебиетін әлемге танытуға ықпал етеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ