"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарМәдениет

Мақсатымыз – өнер арқылы халыққа тәрбиелік мәні бар, ойға түрткі, ақылға дем болатындай рухани азық сыйлау

Мақсатымыз – өнер арқылы халыққа тәрбиелік мәні бар, ойға түрткі, ақылға дем болатындай рухани азық сыйлау

Арман Жиеналиев, мәдениет және спорт орталығының директоры: Мақсатымыз – өнер арқылы халыққа тәрбиелік мәні бар, ойға түрткі, ақылға дем болатындай рухани азық сыйлау.

21-мамыр – өрелі өнерлерімен халыққа қолдау керек сәтте жұбатып, күш-жігер керек кезде рухтандырып, мереке күндері көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүрген Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Төл мереке иелерінің бірі – аудандық мәдениет және спорт орталығының ұжымы өңірдің мәдениет саласын ел көңілін жадыратар жағымды жаңалықтарға толтырып, көпшіліктің рухани сұранысының үдесінен шығып, іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуде. Ұжымның концерттік бағдарламалар мен қойылымдарға дайындық барысы, хромтаулықтарды алдағы уақытта тағы қандай жаңалықтар күтіп тұрғаны, атқарылған жұмыстар төңірегінде аудандық мәдениет және спорт орталығының директоры Арман Жиеналиев айтып берді.

 –Арман Тілектесұлы, әңгімені өз жайыңыздан бастаңыз. Дана халқымызда «Өнер – ұлттың жаны» деген сөз бар. Осынау игіліктер дүниесінен құралған, ұлт қуатына айналған салаға келуіңізге не себеп болды?

«Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз» деп даңғыл жырау Алмас Алматов айтқандай,  өнер әкемнің қанымен, анамның сүтімен дарып, бала күнімнен осы салаға машықтанып, алдымен музыкалық мектепте, кейін жоғары оқу орнында оқыдым. Оқуымды аяқтап, өнер ордасы – Алматы қаласында музыкалық мектепте вокал сыныбынан сабақ бердім. Одан соң жинаған тәжірибем мен білімім арқылы туған жерге қызмет ету мақсатында облыс орталығына келіп, жұмыс жасап, өнерімді шыңдадым. Осыдан бір жыл бұрын Хромтау ауданына келіп, мәдениет және спорт орталығының директоры қызметіне орналастым. Ендігі кезекте ұжыммен бірлесіп, ауданымыздағы мәдениет, спорт салаларын дамытуға бар күш-жігерімізді, үлесімізді қосуға тырысудамыз.

 –Өзіңіз басқаратын орталықтың мақсат-міндеттеріне тоқталып өтсеңіз.

Әр ай сайын облыстық басқарманың тапсырмаларын орындаймыз. Сонымен бірге, аудандық мәдениет үйінің алты шарасын іске асырамыз. Жылына 500-ден аса концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Сондай-ақ, айлық жоспарларымызға міндеттелген шаралардан бөлек халыққа тың жаңалық болатындай бағдарламарды ұсынуды да басты назарда ұстаймыз. Мәселен, карантин аяқталысымен ауданымызға еліміздің белгілі әзіл-сықақ театрларын, әншілерін шақырдық. Алдағы уақытта филармонияны, Тахауи Ахтанов атындағы драма театрын шақыру ойда бар. Мақсатымыз – өнер арқылы халыққа тәрбиелік мәні бар, ойға түрткі, ақылға дем болатындай рухани азық сыйлау.

–Қаламызда Наурыз мерекесі сән-салтанатымен тойланып өтті. Халық арасында іс-шараның концерттік бағдарламасы жайында «жылдағыдан ерекше болды», «өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен», «ән де, би де, қойылымдар да көңілден шықты» деген секілді оң пікірлер айтылды. Осындай ауқымды шара асқан дайындықты талап еткен болар. Жалпы, концерттік бағдарламаларға дайындық қалай өтеді?

Біз шағын шараны да, ауқымды шараны да жоғары сапада өткізу үшін тыңғылықты дайындаламыз. Алдымен ұжыммен жиналып, әрқайсымыз өз ойымызды ортаға саламыз. Содан соң бағдарламаның сценарийін жазамыз. Дайындықтағы басты қағида – концертті  қызықты бастап, ерекше аяқтау және тек қана мәнді әндерді айту.

Наурыз мерекесінде халыққа ұсынылған концерттік бағдарлама – тынымсыз еңбектің нәтижесі. Оған тұрғындардың жоғары баға бергені рас. Концерттің көңілден шыққанын айтып, ризашылығын білдіргендер де бар. Мерекеге дайындық барысында күніне 2-3 сағат қана ұйықтаған күндеріміз болды.

–Өткен жылы ауданымыздың мәдениет саласында қандай ауқымды шаралар жүзеге асырылды?

 –Мен қазіргі қызметіме 2021 жылдың маусым айында тағайындалған болатынмын. Содан бір ай өтпей облыстан басшылар хабарласып жоспар бойынша әр аудан саябақта сенбі, жексенбі күндері концерт ұйымдастыру керек екенін айтты. Бірақ қызметке жақында ғана келгенімді ескеріп, «Дайынсыздар ма? Концерт жасай аласыздар ма?», — деп сұрады. Біз дайын екенімізді жеткіздік. Сөйтіп, облыс орталығындағы саябақтарда екі концерт өткіздік. Шара соңында аппаратураларымызды жинап, ауданға қайтып кетейін деп жатқанда бір әжей жанымызға келіп, концерттік бағдарламаның ұнағанын айтып, батасын берді. Осылайша, облыс орталығындағы бастамамыз қандай болса, қазіргі таңда ауданымызда өткізіліп жатқан шаралар солай жалғасын тауып, барлығы өз деңгейінде атқарылып  келеді. Атап айтсақ, «Еркелей аққан Ор өзені», «Екі жұлдыз» және тағы да басқа аудандық, облыстық байқаулар болып өтті. Өткен жылдың нүктесі  үлкен дайындықпен ұйымдастырылған жаңа жыл кешімен қойылды. Ағымдағы жыл шаралары да сол дәстүрмен, ойдағыдай өткізіліп келеді.    

–Аудандық мәдениет және спорт орталығына қарасты қанша мәдениет үйі бар? Ауылдардағы мәдениет саласының жай-күйі қандай? 

–Осы қызметке келместен бұрын «Хромтау ауданының халқына қандай пайда тигізе аламын? Оң өзгерістер алып келе аламын ба?» деген сұрақтар толғандырды. Сондықтан, ауданға жиі келіп, мәдениет саласын дамыту үшін не жетіспейтінін зерделей бастадым. Ауылдарда орталыққа қарасты 8 мәдениет үйі бар. Соларға барып, басшыларымен сұхбаттастым. Нәтижесінде жөндеу жұмыстары, аппаратура, интернет қажет екені белгілі болды. Аудан әкімшілігі мәдениет пен спортқа жақсы қолдау көрсетеді. Соның арқасында түйінді мәселелер шешімін тауып келеді. Биыл Бөгетсай ауылдық мәдениет үйі жөндеуден өтті. Ендігі кезекте Көктау, Дөң ауылдарына 200 орындық мәдениет үйлерін салу жоспарда бар.

Ауылдар да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жақында Бөгетсай ауылында Ақтөбе қаласының 90 жылдығына орай ауқымды шара өткізілді. Ал, Ақжар ауылында қойылым байқауы болып өтіп, Қарлау елді-мекенінде Наурыз кең көлемде атап өтілді. Сонымен қатар, елімізге белгілі әншілер қаланы ғана емес, ауылдарды да аралады. Дәстүрлі әнші Өмірқұл Айниязов келгенде ауа-райының қолайсыздығына, боранға қарамастан 8 ауылды аралады. Тассай ауылына барар жолда 7 сағат бойы жолда қалып қойсақ та, аман-есен жетіп, концертті өткіздік.

          –Өңір өнерпаздарының байқаулардан жүлделі орындар алып, аудан абыройын асқақтатып жүргендерін білеміз. Олар – ауданның мәдениет саласының дамуына үлестерін қосып жүрген, тұрғындарға танылған, біраз тәжірибе жинап үлгерген әншілер. Ал, орталыққа жаңадан келген жас әншілер байқауға қатысар алдын арнайы дайындықтан өтеді ме?

Бізде ауылдарды қоса есептегенде барлығы 95 маман жұмыс жасайды. Әріптестерімізбен үйлесімді жұмыс істеуіміздің нәтижесінде біраз жетістікке қол жеткізудеміз. Аудан әкімі де өнерпаздарды қабылдауына шақырып, батасын беріп, қолдауын көрсетіп келеді. Әншілеріміз көптеген аудандық, облыстық, республикалық байқауларда аудан намысын қорғап, топ жаруда. Өнерпаздар орталықта қызмет ететін Айтуған Нарымбетов есімді режиссермен бірлесе отырып дайындалады. Әншілерді микрофонды дұрыс ұстау, сахнаға кіріп-шығу, сахна мәдениеті, қойылым қою – барлығына үйретіп, түсіндіріп, байқауларға қатыстырамыз.  

–Алдағы уақытта қандай іс-шаралар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады?

Хромтау халқының өнерге деген сүйіспеншілігі зор. Тұрғындар жастарға, орта буынға арналған, дәстүрлі, заманауи – әртүрлі әндерді тыңдайды. Қандай өнерпаз келсе де қошеметпен қарсы алады. Менен  «Тағы қандай әншілер келеді?», «Жақын арада театр келеді ме?» деп  жиі сұрайды. Біз де халық сұранысына қарай жұмыс жасаймыз. Негізі, шара іске аспайынша айта бермеймін, бірақ ауқымдыларының бірімен бөлісе кетер болсам, жоспардағы шаралардың бірі – стадионда концерт өткізу. Жалпы, келешекке жоспарланған шаралар өте көп. Олардың біразы мәдениет үйі салынған жағдайда ғана жүзеге аса алады. Ал, қазіргі таңда ауданымыздың мәдениет саласын облыс бойынша үздік ету жолында еңбек етіп келеміз. Болашақта барлығы осы қарқынмен жалғасып, мәдениет үйі салынатын болса, мақсатымызға қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Сұхбаттасқан: Жанел Нұрболатқызы

ПІКІР ЖАЗУ