Қазақ халқының болмысын айқындайтын, айрықша қадір тұтатын жануары – жылқы. Жеті қазынаның бірі, ер жігіттің жан серігі болған бұл түлік түрін баптап, бәйгеге қосу – атадан қалған асыл өнер. Біз Ұлыстың ұлы күні – Наурыз меркесінің қарсаңында ұлттық өнерді ұлықтап, дәріптеуге өзіндік үлесін қосып жүрген жас атбегі Дінмұхаммед Дүзжасаровпен кездесіп, ат баптаудың қыр-сырына қанықтық.
Дінмұхаммед Хромтау қаласында туып-өскен. Мал шаруашылығымен шұғылданатын әкесінің ілімі мен тәлімін бала күнінен бойына сіңіріп, жастайынан еңбекке араласқан ол шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктердің бәйгесін жиі тамашалап, атбегілікке қызығушылық таныта бастаған. Жиырма бір жастағы жас жігіт бұл өнер түрімен әуестенуді соңғы бір-екі жылдықта қолға алған.
– Мектеп кезінде әкем бәйгелерге ертіп жүретін. Осыдан төрт жыл бұрын өзі де Алматы қаласынан бәйгеге жылқы алдыра бастады. Бірақ ол кезде бірден ат баптауға кірісіп кеттім деп айта алмаймын. Кейіннен ат баптау ісін шебер меңгерген құрдастарымды көріп, өзім де осы өнер түрімен айналыса бастадым. Арнайы бәйгеге арналған ағылшын тұқымдас үш бас жылқы алып, баптауға, жаттықтыруға кірістім. Ақтөбе облысы бойынша біраз бәйгеде бағымды сынап, жүлделі орындарға ие болдым. Атбегілік өнері әкеме өз әкесінен жетіп, кейін маған да дарыған деп ойлаймын. Туған атам Әйтеке би ауданындағы ат фермасының директоры болған, – дейді ол.
Әңгіме барысында атбегі ат баптау ісіндегі маңызды қағидаларды айтып берді. Түсінгеніміздей, жылқы – ерекше күтімді талап ететін жануар. Әсіресе, бәйгеге қатысатын жүзден жүйріктердің бабы бөлек.
– «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» демекші, жылқының бәйгеден жүлдемен оралуы үшін оны баптауға айрықша ден қою керек. Қыста әбден тойдырып, семірту қажет. Қыста жақсы азық алған жылқы жазда бәйгеге белсенді қатыса алады. Оларға алма, сәбіз, арпа, бидай секілді азық береміз. Күнде таңғы сегізде барып, суарып, тазалаймыз. Түске таман далаға шығарып, кешкі алтыға дейін жаттықтырамыз. Кешкі сағат сегіздер шамасында қайтадан азығын береміз. Жаз мезгілінде 10-15 бәйгеге қатысамыз. Өйткені жылқыларымызды шаршатып алмауға тырысамыз. Бәйгеден кейін бір апта демалтып аламыз. Сол уақыт аралығында өздері де қалыпқа келіп, ойнақшып, бәйгеге «сұрана» бастайды. Айта кетерлігі, жылқы – тазалықты сүйетін жануар. Сондықтан біз апта сайын сенбілік ұйымдастырып, жылқыны да, қораны да тазартуға уақыт бөлеміз. Сондай-ақ кейде жылқы салқын тию немесе басқа себептердің салдарынан ауырып қалуы мүмкін. Ондай кездері Алматы қаласынан арнайы дәрілерді, дарумендерді алдырып, егеміз (Алматы қаласынан деп отырғаным, біздің облыста олар сатылмайды). Бастапқыда жылқыларды емдетуге ветеринар шақыртатын едік. Қазір өзіміз ем-домын жасауды үйреніп алдық.
Тағы да бір ескере кететін жайт, жылқыны жабағы кезінде алған жақсы. Өйткені олардың денсаулығында сыр болмайды. Құлынды қолға үйрету де оңай. Олар үлкен жылқыларға қарап, барлығын солардан үйрене бастайды. Алдымен құлынды арнайы дөңгелек сызықтың бойымен жай ғана жүргіземіз. Бес-алты күннен кейін ол шаба бастайды. Биыл Алматы, Жамбыл облыстарынан жабағы алдырдық. Қазір бәйгеде шабатын жалпы есеппен бес жылқым бар, – дейді атбегі.
Кейіпкерімізді тыңдап отырып, дана халқымыздың «жылқы есті жануар», «жылқының бір-ақ кемістігі бар, құдай оған тіл бермеген» деген сөздерінің растығына тағы да бір мәрте көз жеткіздік.
– Кей кезде жылқы тістеп, теуіп, ойнайды. Сондай кездері дауыс көтеріп, тәртіпке келтірсең, ренжіп, тамақ-суын ішпей қырсығып қалады. Оның жақсы көңіл-күйін құшақтап, еркелетіп барып, қайтаруға болады. Мен үшін Дарын есімді жылқымның орны бөлек. Оны көпшілік Бесқасқа деп атайды. Өйткені жануардың аяқтары мен маңдайы ақ, – дейді ол.
Жас атбегі інілерін де ұлттық өнер түріне баулып жүр. Оның айтуынша, бұл оларға уақытын тиімді пайдалануға көмек береді.
– Әкем мені жастайымнан еңбекке жетеледі. Жазғы демалыста ауылға алып баратын. Үш ай бойы шөп шауып, ауылдағы жұмысқа араласатынмын. Соның арқасында өмірімде қазіргі таңда өзекті болып отырған ұялы телефонға тәуелділік мәселесі туындаған емес. Мен де әкем секілді өзімнен кейінгі інілерімді ат баптауға үйретіп, олардың бойында еңбекқорлық қасиетін тәрбиелегім келеді. Інілерім сабақтан шыққаннан кейін ат қораға келіп, көмек береді. Әрқайсына бір жылқыны бекітіп қойдым. Яғни олар өздерінің жауапкершілігіне алған жылқыларын суарып, тазартып, жаттықтырады. Бос уақытында пайдалы іспен шұғылданғандықтан, олардың да ұялы телефонға көп уақыты бола бермейді. Ат баптау ісінің тағы да бір артықшылығы – өзіңмен қызығушылығы ортақ адамдармен байланыстың болуы. Біз ел бойынша бәйгеге қатысуға бірнеше облысқа барып, көптеген атбегілермен достастық. Ауданымыздың өзінде атбегілер қатары көбейіп келеді. Олармен WhatsApp желісінде ортақ тобымыз бар. Топта жастардан бастап зейнеттегі қарттарға дейін елуден астам азамат отырады. Біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз, – дейді ол.
Дінмұхаммед ат баптаумен қатар, тазы жүгіртеді. Саятшылық құрған ата дәстүрімізді жалғастырып жүрген ол иттерді аңшылыққа алып шығады. Сондай-ақ жауапкершілік пен уақытты қажет ететін қызығушылықтарынан бөлек өнерлі жігіт сабағын да оқуға үлгереді. Қазір Дінмұхаммед Қарағанды техникалық университетінің төртінші курс студенті. Алдағы уақытта ол өзі оқып жатқан тау-кен ісі мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр. Ал ұлттық спорт түрлеріне деген құштарлық қашанда оның негізгі қызығушылығы болып қала бермек.
Жанель Нұрболатқызы
Қызық дерек
- Басқа көптеген жануарларға қарағанда жылқы айналасын түрлі түсті реңкте көреді. Бірақ қызыл мен көк түсті ажырата алмайды. Тағы бір қызығы, жылқының көру аумағы 360 градус екендігі. Яғни, жылқы бір бағытқа қарап тұрғанда тек алдын ғана емес, арт жағын да толық көріп тұра алады. Сондай-ақ жылқының көзі түн ішінде де өте жақсы көреді.
- Жылқының жасы мен денсаулық жағдайын атбегілер оның тісіне қарап ажыратады. Ата-бабаларымыздан қалған «Жақсы аттың тісін қарамас болар…» деген нақыл соған байланысты туындаған болар.
- Әлемдегі ең қымбат жылқы – бәйгелерде қатарынан 14 жеңіске жеткен төрт жасар Франкель есімді айғыр.
- Қазіргі уақытта әлемдегі ең биік жылқы – 2000 жылы туған Биг Джейк атты бельгиялық жылқы. Оның бойы 210 сантиметрді құрайды.
- Жылқының бес мүшесі өте жақсы дамыған. Олар: құлағы, көзі, аузы мен мұрыны және сезім түйсігі. Жылқы өз иесінің көңіл күйінің қандай екенін бірден сезіп қояды. Мас адамды да алыстан біледі. Сондай-ақ оның құлағы өте сақ, көзі көреген, мұрыны иіс сезгіш, аузы кез келген дәмді ажырата алады.
- Жылқылар жалпы 25-30 жыл өмір сүреді. Англияда өмір сүрген «Кәрі Билли» деп аталып кеткен бір ат 62 жасқа келіп өлген деген дерек те айтылады.
- Қазіргі уақытта жылқының 1350 тұқымы бар.
- Құлын дүниеге келгеннен кейін бірнеше сағаттан соң жүгіре алады.
- Жылқылар аузымен дем ала алмайды, сондықтан мұрны жабық болса, олар тұншығып қалады.
- Жылқының ең түпкі атасын гиракотерия деп атайды. Ол осыдан 60 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Бойының биіктігі 14 сантиметр, ал салмағы 5 килограммдай ғана болған. Оның қазіргі жылқыдан айырмашылығы – алдыңғы аяқтарында төрт, артқы аяқтарында үш тұяқтан болғаны.