"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Мәдениет

«МЕН ҮШІН ЖЕРҰЙЫҚТЫҢ ТӨРЕСІ — ӨЗІМНІҢ ХРОМТАУЫМ…»

Олжас ИБРАЕВ, актер:
«МЕН ҮШІН ЖЕРҰЙЫҚТЫҢ ТӨРЕСІ — ӨЗІМНІҢ ХРОМТАУЫМ…»

Олжас Ибраевтың актерлік шеберлігі көпке мәлім. Қазір Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік ұлттық музыкалық қазақ драма театры директорының орынбасары қызметін атқаратын Олжас Ибраев — Хромтаудың перзенті.

Олжас Қанатұлы ел тәуелсіздік алар тұста Хромтау қаласында дүниеге келген. Ол — Хромтау тау-кен техникалық колледжінің түлегі. Одан әрі Қазақ ұлттық өнер университетінің драма театры мен кино актері мамандығын тәмамдаған жерлесіміздің жетістіктерін саралап көрген едік.

«Жігіт сұлтаны — 2013» республикалық телеконкурсының жеңімпазы атанғаннан кейін актердің есімі елге тез таныла бастады. Өзінің еңбек жолында «Хабар» арнасында Қазақстанның тарихи мұрасы туралы «Менің жерім» бағдарламасында тележүргізуші болып жұмыс жасады. Әр жылдары «Астана мюзикл» театрының труппасын, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының шығармашылық және халықаралық қатынастар және гастрольдер бөлімін басқарды, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Ұлттық өнер факультетінің деканы, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының басшысы болып қызмет атқарды.

— Менеджмент, соның ішінде театр менеджменті саласында еңбек етіп келе жатқаныма сегіз жылдай болды. 2017 жылдардан кейін өзімнің жеке шығармашылығымды тоқтатып қойып, осы басқару қызметіне ауыстым. Бұл — мен үшін ең қиын таңдау болды. Сол жылдар ішінде оқуымды да жалғастырып Master of Business Administration (МВА) бітірдім. Театр менеджменті бойынша Мәскеуде білім алып, Ұлыбританияның Лондон қаласында «digital» театр бойынша тағылымдамадан өттім, — дейді актер Олжас Ибраев.
Ол өз мақсаты айқын, шешімі өзгермейтініне сенімді.

— Сахнада, телеарнада, жалпы ел алдында жүріп, жеке шығармашылықты қойып, басқару саласына кеткенім — мен үшін қиын шешім болды. Осы арада іштей қарсылық та болды. Шешімімнің дұрыс, бұрыстығына көп ойландым. Бірақ, адам өзін дамытып, өзгертіп отыруы керек. Сол мақсатпен өзімді басқа қырымнан көруге бел будым. Дегенмен кино мен сахнаға әлі күнге дейін ұсыныстар бар. Тек менің көңілімнен шығатын ұсыныс болған жоқ. Мәселен, қазір YouTube арналарда түрлі дөрекі сөздері бар сериалдар, сапасыз дүниелер көп. Оң жамбасыма келетін рөлдер, ұсыныстар болса, алдағы уақытта түсуім мүмкін, —  дейді кейіпкеріміз.

Олжас Қанатұлымен әңгіме барысында осы саладағы жерлестерімен байланысын, жалпы сала туралы сұрап білген едік.

— Бұл салаға Хромтаудан жастар көп түсе бермейді. Бірақ бар. Күні кеше Алима есімді қарындасымыз кеңес алуға анасымен келді. Таныстық. Бағыт-бағдар беріп, білгенімізді айттық. Жетектеп апарып Айгүл Иманбаеваның курсына оқыттық. Екі сынағын жақсы тапсырып, сәтті аяқтады. Грантқа қол жеткізе ме, оны уақыт көрсетеді. Актерлік шеберлік мамандығына түсіп жатқан іні-қарындастарымыз көп емес. Жерлесіміз, өнер жолында жүрген бауырым Еркеш Хасенмен жақын араласып тұрамыз, — дейді ол.

Актер туған жеріне деген ыстық лебізімен қатар, аудан жастарына да өзінің сәлемін жолдады.

— Қазіргі жас буын — ертеңгі еліміздің азаматы. Сондықтан бос уақыттарын жоғалтпай, армандарына, мақсаттарына берік болып, соған жету жолында тынбай еңбек ете беру керек. Еңбек — адамды жетістікке жетелейтін басты құрал. Адамға туған жерінен артық ештеңе жоқ. Мен үшін Хромтау — ешқандай өңірмен, тіпті теңестіруге келмейтін мекен. Астанада жүргенде ылғи өсіп-өнген жерімді, балалық шағым өткен өлкені сағынамын. Жерлестерімді көріп қалсам, олардан артық жан жоқтай. Өзге қалада олар туғаныңдай болады екен… Қысқасы, мен үшін жерұйықтың төресі — өзімнің Хромтауым. Туған жерім әрдайым менің жүрегімде, қай жерде болсын, осы жаққа қарай елеңдеп тұрамын…, —  дейді Олжас Қанатұлы.

Танымал актер Олжас Ибраев «Айжан», «Шекара» сынды отандық телехикаяларда және «Али» фильмінде басты рөлдерде ойнаған еді. Бүгінде өнер саласында қызмет атқарып жүрген актерді әлі де жеке шығармашылықтан көреміз деген үміттеміз. Біздің жерлестеріміз — біздің мақтанышымыз!

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ