"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарСпорт

ОБЛЫС ҚОРЖЫНЫНА ОЛЖА САЛДЫ

Атқарушы органдардың қызметкерлері арасындағы дәстүрлі республикалық спартакиада биыл Ақтөбе қаласында өтті.

 

15-20 шілде аралығында өткен республикалық спартакиадаға қатысу үшін барлық ел аумағынан жиналған мемлекеттік қызметшілер тоғызқұмалақ, шахмат, шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, жүзу, гір тасын көтеру, қазақ күресі секілді сегіз спорт түрінен бақ сынасты.

Аталған спорт түрлерінен Ақтөбе облысы құрамасының сапында хромтаулықтар да өнер көрсетіп, жеңіске жетті.

Мәселен, гір тасын көтеруден аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Едіге Сағынай ІІ орынды жеңіп алса, жалпы командалық есепте Ақтөбе облысының құрамасы І орын алды. Әйелдер арасында суда жүзуден Тассай ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Нина Руднева ІІІ орынды иемденді. Бұл спорт түрінен облыс құрамасы жалпы есепте ІІ орынға тұрақтады. Ал, үстел теннисінен Хромтау ауданы әкімі аппаратының бас маманы Ұлмекен Сәрсенбай ІІ орынды жеңіп алып, команданың қоржынына күміс медаль олжалады.

– Біз бұл жарыста жұптық ойын көрсеттік. Менімен бірге Алға ауданынан келген әріптесім болды. Біз Павлодар, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Маңғыстаудан келген спортшыларды 2:0 есебімен жеңіп, ақтық кезеңде Ақмола облысының спортшыларына есе жіберіп, екінші орынға тұрақтадық. Ойын қызық әрі тартысты өтті, – дейді Ұлмекен Сәрсенбай.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

 

ПІКІР ЖАЗУ