"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Өңірлік кадр резервіне 25 жас маман іріктелді.

Бүгінгі таңда республика деңгейінде және облыс деңгейінде жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Сол жұмыстардың жалғасы ретінде биыл алғаш рет өткізілген Өңірлік кадр резервіне іріктеуді айтуға болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов Өңірлік кадр резервіне іріктеудің қорытындысымен бөлісті.

«Биыл 1 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу басталған болатын. Облыс аумағында Өңірлік кадр резервіне іріктеу 6 салалық бағыт бойынша жүзеге асырылды. Олар: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, сондай-ақ, цифрландыру»-деді департамент басшысы.

Облыс бойынша аталған іріктеуге қатысуға 524 азамат ниет білдіріп, арнайы сайтқа тіркелген. Кандидаттар бірнеше кезең бойынша сынақтардан өтіп, жинаған ұпай сандары бойынша іріктелді. Нәтижесінде өңірлік резервке 25 адам іріктеліп алынды. Іріктеу ашық және әділ өтті.

Өңірлік резервке алынған азаматтар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеу өткізілместен орналаса алады. Резервте болу мерзімі – 2 жыл.

ПІКІР ЖАЗУ