"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
СұхбатЭкономика

ОРАҚ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Биыл аудан диқандары 112 824,3 гектар егіс алқабын екті. Қазіргі таңда күзгі жиын-терім жұмыстарына дайындық барысы пысықталып, қажетті техникалар сақадай сай тұр. Орақ науқанына әзірлік жайында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалинмен сөйлескен едік.

— Агро өнеркәсіптік кешен негізінде аумақтарды дамыту жоспарына сәйкес Хромтау ауданы бойынша биыл егіс аумағы 112 824,3 гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар үлесі — 51 618,61 гектар болса, майлы дақыл — 15 864,28 гектарға себілді. Ал, мал азығы дақылдары — 45 202 гектар болса, бақша алқаптары — 139,4 гектар. Ауданда 75 ауыл шаруашылығы тауар өндіруші егін шаруашылығымен айналысады, — деді бөлім басшысы Қойшыбай Рсалин.

Күзгі далалық жұмыстарға шаруалардың әзірлігі мен техникалардың дайындығы да құзырлы мекеменің жіті назарында. Мәліметке сүйенсек, күзгі далалық жұмыстарға 291 ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 66 дана астық ору комбайны, 135 дана трактор, сондай-ақ, 96 астық тасымалдаушы «КамАЗ» жұмылдырылады. Қазіргі таңда 685 гектар болатын күзгі дақыл алаңы шабылып, 764,5 тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік — гектарына 11,1 центнер. Күзгі дақыл алаңы «Алтын Дән и К» ЖШС-на тиесілі.

Қойшыбай Рсалиннің айтуынша, күн райының жауын-шашынды болуына байланысты қысқы мал азығын дайындау жұмыстары кешеуілдеп қалды.

— Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ауданымызға 2024-2025 жылдары мал қыстау кезеңіне 188,2 мың тонна шөп дайындау тапсырмасы берілді. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қыстау кезеңіне мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 69,9 тонна, яғни 37 пайыз шөп дайындалды. Себебі, ауа райының жаңбырлы болуы шөп шабу жұмыстарын баяулатты. Енді қолайлы ауа райына байланысты мал азығын дайындау қарқынды жүріп жатыр. Осы аптада көлемді 55-60 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр, —  деді ол.

Мал азығын дайындауға барлығы 954 техника жұмылдырылған. Оның ішінде 264 трактор, 136 шөп шапқыш, 146 тіркеме, 130 шөп буғыш, 133 тырма және 145 шөп тиегіш техникалары бар. Уақытша маусымдық шөп дайындау науқанына берілген жалпы жер көлемі — 6950 гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына — 4752 гектар, ауыл тұрғындарына уақытша маусымдық мерзімге 2198 гектар жер берілген.

Мал азығын дайындау және күзгі орақ науқанында аудан шаруалары мемлекет тарапынан жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етіледі.

— Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына дизель отыны бойынша ауданнан барлығы 27 ауыл шаруашылығы тауар өндірушіден 1084,2 тоннаға өтінім берілді. Дизель отынын жеткізуші операторлар — «Лидер» АЗС және «Батыс Жер» серіктестігі. Бүгінде бағасы литріне 250 теңгені құрайтын жеңілдетілген дизель отынының 113,036 тоннасы тасып алынды. Мал азығын дайындау жұмыстары үшін 12 ауыл шаруашылығы тауар өндіруші  218,4 тонна, күзгі далалық жұмыстар үшін 15 ауыл шаруашылығы тауар өндіруші 865,8 тонна жеңілдетілген дизель отынына өтінім берді, — дейді Қ.Рсалин.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ