"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ӨРКЕНДІ ІСТЕР МЕН ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың аудан тұрғындарымен кездесуі аудан орталығы Хромтау қаласында жалғасты.

 

Арықтар салынады…

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің базасында өткен кездесуде қала әкімі Сағындық Шабықбаевтың алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстары қорытындыланып, алдағы жоспарлары баяндалды.

—  Биыл қыстың ауыр өткенін бәріңіз білесіздер. Аудан бойынша төтенше жағдай 9 ақпаннан жарияланды. Бұл ретте қала бойынша төрт мердігер қызмет атқарып, қалаішілік жол қатынасын қамтамасыз етті. Қыс мезгілінде 80 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдардағы қыс мезгілінде екі полигон ғана қарға толған болса, биыл бес полигонға қар шығару жұмыстары жүргізілді. Кемшіліктер де болды, оны мойындаймыз. Одан кейін, көктемгі су тасқыны кезінде қаламызда оған қарсы арнайы штаб өкілдерімен бірлесіп алдын алу жұмыстары жүргізіліп, су басу қауіпі бар аймақтарда тиісті шаралар атқарылды. Соның ішінде, су басу қауіпі жоғары 22-квартал, «Горняк» бау-бақшасы, Жаңа станция, А.Асанов, Ю.Гагарин, Б.Алдияров, Б.Иманғазин, Дөң көшелері қатаң бақылауда болды. Қала бойынша 5 жеке тұрғын үйді су басты. Келтірілген материалдық шығындар бюджет және демеушілік қаражат есебінен толық өтелді. Су басу қауіпі бар аймақтарды арықпен қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы салынған 2 700 метр арыққа қосымша 2 500 метр арық орнатылды. Биылғы жылы осы жұмысты жалғастырамыз. Жоспар бойынша қосымша арықтарды 22-кварталға, қаланың орталығында, Жаңа станцияға салу жоспарланды. Қазіргі уақытта осы жұмыстарға мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтуде, — деді қала басшысы Сағындық Шабықбаев.

 

«Мектептерді жөндеу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады»

Аудан әкімі кездесуде қала тұрғындарының сауалдарына заң шеңберінде жауап берді. Қала тұрғыны Дулат Әміржановтың:

—  Қаладағы орысша көше атауларын қазақшаласа деймін. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығында мүгедектерге қызмет көрсетуге арналған бұрыштың ашылғанын қалаймын, — деген сауалына аудан әкімі Нұрхан Жасұланұлы жауап берді.

— Көше атауларын мемлекеттік тілге ауыстырудан да маңызды мәселелер бар. Ол да қаржыны қажет етеді. Оның өзіндік заңдылығы бар. Ал халыққа қызмет көрсету орталығынан мүгедектер үшін бұрыш ашу мәселесін қарастырамыз, — деп ол қала әкімі мен халыққа қызмет көрсету орталығы басшысына тапсырма берді.

Қала тұрғыны Нұргүл Имашева №2 Хромтау гимназиясына жөндеу жұмыстарының  қашан жүргізілетінін сұраса, Айша Сағындықова «Отан Ана» монументі алдында жаяу жүргіншілер жолағы барын, алайда көліктер қатты жүреді, сол жерге жасанды жол кедергісі салынса деген ұсыныс айтты. «Мектептерді жөндеу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Биыл Хромтау қаласындағы №5 мектепте және ауылдық жерлерде екі білім ордасы күрделі жөндеуден өтеді. Біз бұл жұмыстарды жүзеге асырамыз», — деген Н.Тілеумұратов екінші сауал бойынша қалалық әкімдік пен аудандық полиция бөлімі аталған мәселелерге шара қабылдап жатқанын жеткізіп, ол проблемалар оң шешім табатынын айтты. Одан бөлек абаттандыру, тазалық, көпқабатты тұрғын үйлерді модернизациядан өткізу, аулаларды жасау, ауызсу сапасы, жол жөндеу бойынша сауалдарға жауап беріп, заңдылығын түсіндірді.

 

10 көшенің жолы жөнделеді

Бұл туралы қала әкімі Сағындық Шабықбаев аудан әкіміне және қала тұрғындары алдында берген есептік баяндамасында айтты.

Аудан әкімінің қала тұрғындарымен кездесуі №6 Хромтау гимназиясында жалғасты. Бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы шаһар басшысы Сағындық Шабықбаев баяндады.

— Қаладағы өзекті мәселенің бірі — көше жолдарының жағдайы. Қалаішілік автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 72 652 шақырым, оның ішінде: қанағаттанарлық  —  71,1 пайыз, қанағаттанарлықсыз — 28,9 пайыз. Осыған орай, қалаішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бойынша 10 және орташа жөндеу бойынша 10 көшеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, тиісті мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары шілде айында басталады. Жөнделетін көшелердің жалпы ұзындығы — 12 691,82 метр. Жоспарға сәйкес мердігер осы жұмыстарды екі жылда аяқтауы керек. Биылғы жылы қайта жаңғырту жұмыстары жасалатын көшелердің қатарында Б.Иманғазин, Ә.Молдағұлова, Т.Ахтанов, М.Әуезов көшесіндегі №6 мектептің жаны сияқты нысандар бар, — деп ол өз сөзінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелерге де тоқталды.

Сонымен қатар Хромтау қаласы бойынша 52 көпқабатты тұрғын үй ауласы бар. 2020 жылдан бері 32 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табады. Ағымдағы жылы 4 аулаға (Ә.Молдағұлова 1,3,5,2, М.Әуезов 1 , Абай даңғылы 2, Л.Шиловский 15,17,19) күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба екі жылға арналған. Былтыр басталған жұмыстар биыл толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар тағы 5 аулаға (Достық 36/1/2/3/4, М.Әуезов 12,14,16, Әуезов 4, Әуезов 7,9,11, Есет батыр 1 күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары жоспарлануда.

Қала ішінде жаяу жүргіншілер жолы бойынша мәсчеле де көтерілді. Биыл 9 394,5 шаршы метр аумаққа жаяу жүргіншілер жолын салу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде Сонымен қатар, орталық көшелерге 2000 шаршы метр бетонды тастан жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салу жоспарда бар.

—  Хромтау қаласы ішіндегі жүргізушілер тасымалын нығайту барысында да нақты іс-шаралар қолға алынған. Қазіргі таңда аялдамалар орнату бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Балаларға арналған спорт және ойын алаңдарын салу қала әкімдігінің басты назарында, — деді қала әкімі.

Қала тұрғыны Данагүл Меңдіғарина аудан әкіміне үй алу үшін кезекте тұрғанына ұзақ уақыт болғанын, кезектің жылжымау себебін білгісі келді.

—  Біз 22-квартал ауданында 60 пәтерлі екі үйдің құрылысын биыл аяқтап, ел игілігіне береміз. Үйлер заңға сәйкес электронды кезек арқылы арнайы топтардағы тұрғындарға беріледі, — деді аудан әкімі.

 

Қалада 71 көшеде жарық жанады…

Аудан әкімінің халық алдындағы есепті кездесуі №7 Хромтау мектеп-гимназиясында аяқталды.

Қала басшысы Сағындық Шабықбаев: — «Tugan Qala» бағдарламасы жұмыс жасағалы қала тұрғындарынан түскен ұсыныстар бойынша 15 балалар алаңы мен спорт алаңдары, автотұрақтар салынды. Биыл «Tugan Qala» жобасы аясында сегіз жоба жүзеге асырылады. Сондықтан биылғы жылы осы мүмкіндікті жіберіп алмай, сіздер де бағдарламаға қатысып, өз ұсыныстарыңызды беруге шақырамын, — деді кездесуде ол.

Одан әрі қала басшысы өз баяндамасын жарықтандыру мәселесі бойынша жалғастырды.

— Хромтау қаласы бойынша 98 көше бар, соның ішінде 54 көшенің түнгі мезгілде жарықтануы қанағаттанарлық, яғни 55,1 пайыз. 2023 жылы 22 көшеге жарықтандыру жүргізіліп және 22-кварталда 450 жарықшам ауыстырлды. Осы жылы 17 көшені жарықпен қамтамасыз ету үшін қайта жаңғырту және қала бойынша 23 көшедегі жалпы саны 611 ескірген жарықшамдарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар биыл аяқталса, қала бойынша көшелерді жарықтандырудың қанағаттанарлық үлесі 72,4 пайыз, яғни 71 көшені құрайтын болады, — деді.

Қала тұрғындары өз кезегінде аудан әкіміне әлеуметтік және жеке мәселелері бойынша сауалдарын қойды. Аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов әрбір ұсыныс пен сауал назардан тыс қалмай, заң шеңберінде қаралатынын жеткізді.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ