ЖАҢҒЫРУДЫҢ МӘНІН ЖАСТАР САНАСЫНА СІҢІРУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Мемлекет басшысы реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруді Ұлттық құрылтайдың басты міндеті ретінде атап өтті. Президент: «Біз ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет», — деп құрылтайдың елді ортақ мақсатқа жұмылдырудағы рөлін нақты айқындап берді. Сондай-ақ, «референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды», — деуі реформалардың үздіксіз әрі жүйелі түрде іске асуы қажет екенін көрсетеді.
Бұл ойлар Хромтау ауданы үшін де аса өзекті. Аудан халқы елдегі өзгерістерді күнделікті тұрмысында сезінуі үшін реформалардың мәнін қарапайым, түсінікті тілмен жеткізу маңызды. Президент айтқандай, «жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет». Осы тұрғыда алдымызда үлкен міндеттер тұр. Біз халықпен кездесулер, қоғамдық жиындар, еңбек ұжымдарымен жүздесулер арқылы тұрғындардың реформаларға деген сенімін арттыру бағытындағы жұмыстарымызды күшейтетін боламыз.
Мемлекет басшысы жастарға ерекше назар аудару керектігін де нақты айтты. «Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді», — деді Президентіміз.
Бүгінгі таңда Хромтау ауданында жастардың белсенділігі жоғары, олар ақпаратты негізінен интернет пен әлеуметтік желілер арқылы алады. Сондықтан аудандық деңгейде әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, жаңғырудың мәнін жастар санасына сіңіру — уақыт талабы.
Алдыңғы
