Бүгін Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтіп жатыр. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Президент өз сөзінде биліктің барлық деңгейінде кадрлық құрамды жаңарту үдерісі жүріп жатқанына назар аударды, деп жазады Egemen.kz.
«Бәріңізге белгілі, елдегі өзгерістердің арқасында мемлекеттік қызметке мүлде жаңа адамдар келіп жатыр. Осы орайда, Президенттік жастар кадрлық резервін ерекше атап өткен жөн. Резервке қосылуға өтініш берген 30 мыңға жуық үміткердің ішінен 450 адам іріктеліп алынды. Олардың 72%-ы басшылық қызметке тағайындалды.
Кадрлар құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында және барлық деңгейде жүргізіліп жатыр. Бұл – уақыт талабы. Бірақ осындай жауапты жұмыста саяси науқаншылдыққа жол бермеу керек. Ең алдымен, тиімді ұсыныс айтып, пайдалы бастамалар көтеретін, батыл шешім қабылдай алатын азаматтарды, яғни кәсіби тұрғыдан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке көптеп тарту қажет. Біз осы маңызды жұмысты жалғастыра береміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауылдардың дамуын әрдайым алдыңғы қатарға қоятыны белгілі. Айта кетейік, Қ.Тоқаевтың алғашқы Жарлығы ауылды дамытуға арналған еді.
«Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым.
Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді.
Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі», деді Мемлекет басшысы.
