"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
МәдениетСаясат

Депутаттар да қоғамға салафизм мен арабизацияны енгізуге тырысты – Ермұрат Бәпи

Депутаттар да қоғамға салафизм мен арабизацияны енгізуге тырысты – Ермұрат Бәпи

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Үкімет басшысы мен ҰҚК төрағасына жолдаған сауалында айтты.

Депутат атап өткендей, елімізде дәстүрлі діндердің дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Салынып жатқан мешіттер мен храм-шіркеулердің санында шек жоқ. Үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіттер мен шіркеулер салатын жер табылып жатыр. Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордалармен қатар дамуы керек еді.

Баршамызға мәлім, Еуропа елдерінде Құран өртеу актісі етек алып бара жатқанына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдіріп, таяуда БҰҰ-ның мінберінен сөз сөйледі. Әлемдік саяси лидерлер арасынан осы Бас Ассамблеяда Құранға араша түскен жалғыз мемлекеттік басшы – біздің Президент болды. Бұл – Ислам дінінің дамуына деген жанашырлықтың бірден-бір белгісі деп деп білемін, — деді Бәпи.

Ол осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Премьер-министрі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына жолдады. Сондай-ақ Президентті де құлаққағыс еткісі келетінін айтты.

Соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарқышақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады. Тіпті, қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған бұл жарқышақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады. «Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па?» деген де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс топ жанталасып, бізге жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасап жатыр, — деп айтты депутат.

Ермұрат Бәпи әріптесі Ринат Зайытовқа қарсы жасалған шабуыл соның мысалы екенін атап өтті.

Бір өкініштісі – бұл исламдық секта Қазақстанның бірқатар аймағында, әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизмге табынушылар басып барады. Яғни бұл теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, уақытында елге танымал азаматтар, оның ішінде депутаттар да қоғамға салафизм мен арабизацияны енгізуге тырысты. Жақтаушылар іздеп, қолдаушылар тапқандары да бар. Сондай-ақ мемлекеттік биліктің өз ішінде де, уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын лауазымды қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті, — дейді ол.

Ол әрбір локалдық күрестермен төніп келе жатқан теріс діни қатерге қарсы тұра алмайтынымызды айтты.

«Ескі Қазақстан» бұл қатердің шоғын үрлей түсуде. Қазақтың ұлттық дамуына қатерлі уахабизм идеясын халықтың біраз бөлігіне сіңірген «ескі режим» елді әлеуметтік топтарға бөлу арқылы өзінің жеке дара билігін мейілінше ұзақ сақтауды көкседі. Бүгінде сол «ескі Қазақстан» қазақтың ұлттық дәстүріне жат діни идеология арқылы «Жаңа Қазақстанды» таптап тастамақ ниетте. Оның алғашқы қанды нәтижесін Қаңтар оқиғасы кезінде көрдік. Теріс діни ағымға қарсы қоғамның белсенді өкілдері әр жерден бұрық еткен уахабшылық дабыраға қал-қадірінше тойтарыс беріп жатыр. Бірақ біз әрбір локалдық күрестермен төніп келе жатқан теріс діни қатерге қарсы тұра алмаймыз, — деп түсіндірді Бәпи.

Осы орайда Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысына бірнеше сауал жолдады.

Біріншіден, сіз және сіздің Кабинетіңіз қалыптасқан күрделі жағдайды түйсініп отыр ма? Қоғамның діни негізде бөлшектену қаупіне қарсы іс-қимыл жоспары бар ма?

Екіншіден, Үкімет пен уәкілетті органдардың теріс діни ағымдар тудырып жатқан ұлттық алауыздықты шұғыл тоқтатудың шарасы, тіпті үкіметтік бағдарламасы жасалып жатыр ма?

Үшіншіден, бұдан 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабыл­­данған «Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы» заңына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізетіндей қоғамдық қажеттілік туды деп есептейсіз бе?

Төртіншіден, қалыптасқан осы қоғамдық жағдайда біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, ұлт бірлігі мен мемлекеттің тұрақты даму жағдайын сақтауға Үкімет пен Парламент мүдделі болуы керек деп есептейміз. Егер Үкімет тарапынан заң шығару бастамасы болатын болса, депутаттар қолдайды деген сенімім зор, — деп айтты Ермұрат Бәпи өз сауалында.

Дереккөз: BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ