"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарСаясат

ӨРКЕНДІ ЖОБАЛАР, ӨРІСТІ ҚАДАМДАР

hromtau
Хромтау қаласының әкімі

—  Тоғыз жолдың торабында орналасқан өндірісті ауданның орталығы — Хромтау қаласының бүгінгі әлеуеті қандай?

— Жыл басындағы дерек бойынша қала халқының саны 30 мыңға жуықтады. Бұл ретте экономикалық белсенді халықтың саны — 15150 адам немесе халықтың жалпы санының 51 пайызы. Қазіргі таңда  «Дөң тау-кен байыту комбинаты» акционерлік қоғамында 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Оның 7,5 мыңы — Хромтау қаласының тұрғындары. Қала бойынша жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрайды, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық — 1,5 пайыз.

Қалада кәсіпкерлік саласында да жыл сайын ілгерілеушілік байқалады. Бүгінгі таңда шаһарда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны — 2212 болса, оның ішінде белсендісі — 2099. Бұл салада өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,2 пайызды құрап отыр. Өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері өнімінің жалпы шығарылымы 51,4 миллиард теңгеге жетті.

Қазіргі таңда бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны 5481 адамға жетті. Қаланың негізінен өнеркәсіп саласына бағдарланғандығын ескерсек, орташа айлық мөлшер жобамен 375,1 мың теңге. Бұл облыстық деңгейден 27,2 пайызға жоғары.

Қаланың даму деңгейі оның бюджеттік қаражатына тікелей байланысты. Хромтау қаласы бойынша 2023 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігінің нақтыланған жоспары 152,5 миллион теңгені құрап, 9 айдың қорытындысы бойынша түсім 262,0 миллион теңге болды яғни бюджеттің 171,8 пайызы орындалды. Ал шығыс бөлігі 2,0 миллиард теңгені құрайды.

— Қала көркі — сапалы инфрақұрылым. Бұл бағытта қандай шаралар іске асырылып жатыр?

— Қазіргі күні Хромтау қаласы бойынша 128 көпқабатты тұрғын үй және 35-ке жуық аула орындары бар. Осыдан екі жыл бұрын ERG компаниясының демеушілік қаражаты есебінен 4 аула күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты былтыр аудандық бюджет есебінен тағы 3 аула жөнделді. Биылғы жылы жоспарланған 15 ауланың 3-і ERG компаниясының демеушілік қаражаты есебінен жасалып жатыр және қалған 12 аула аудандық бюджет есебінен жөнделуде.

Келер жылы Хромтау қаласы бойынша 5 аулаішілік күрделі жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жобалардың қатарында қаланың Достық 36 үйдің 1, 2, 3, 4-корпустарының, М.Әуезов көшесіндегі 12,14,16-үйлердің, ағайынды Жұбановтар көшесіндегі 10,12,14-үйлердің ауласы сияқты нысандар қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы күндері де жалғасатын болады.

— Қаланы жарықтандыру ісінде қандай мәселелер бар?

— Қазір қала бойынша 88 көше бар. Оның ішінде 41 көшенің жарығы қанағаттанарлық деңгейде. 2020 жылдан бастап 23 көше жарығы күрделі жөндеуден өткен болатын. Биыл 20 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы 17 көшенің жарығын жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жалпы келер жылы қала көшелерінің түнгі жарықтандыру мәселесі толықтай қанағаттанарлық жағдайға жеткізіледі.

— Қаланың жаңа бөлігі — 22-квартал шағын ауданында бұл мәселеде проблемалардың барын білеміз…

— Бұл — жаңадан қалыптасып жатқан аудан. Қазіргі таңда 22-квартал шағын ауданындағы жарықшамдарға толықтай күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Осы бағытта 450 дана электрүнемдеуіш жарықшамдар сатып алынып, ауыстырылуда.

— Соңғы жылдары қалада көлік қозғалысы көбейді. Жол мәселесінде әлі де шешімін таппай тұрған проблемалар бар ма?

— Қазіргі таңда Хромтау қаласы бойынша 88 көшенің 81-і асфальтталған. Оның 67-сі қанағаттанарлық жағдайда. Соңғы үш жылда 27 көшеге орташа жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында Наурыз, Достар, Мереке, Жеңіс, Достық сияқты көшелер бар. Биылғы жылы 22-кварталда жалпы ұзындығы 6,4 шақырымдық жол салынды. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігі бар. Сол себепті ағымдағы жылы қалаішілік жолдардың 20 көшесіне жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. Оның ішінде 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары, ал қалғандарына орташа жөндеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар қаланың бірқатар аумағында көше жолдарын кеңейту, жаңғырту жұмыстары да қатар атқарылады.

Сұхбаттасқан: Ләззат ӘБДІРОВА

ПІКІР ЖАЗУ