"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Саясат

Жапония елшісі: Токионың стратегиялық жоспарында Қазақстанның рөлі артып келеді

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 18-20 желтоқсанға жоспарланған Жапонияға ресми сапары қарсаңында осы елдің Қазақстандағы Елшісі Ясумаса Ииджима Kazinform агенттігіне эксклюзив сұхбат берді. Онда дипломат екіжақты ынтымақтастық, «Орта дәлізді» дамыту, бизнес бастамалар, Каспий теңізінің экологиялық мәселесі және ядролық қарусыздану бойынша бірлескен күш-жігер туралы әңгіме өрбітті. Сондай-ақ Токионың стратегиялық жоспарында Қазақстан рөлінің артуына ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға сапары барысында қандай негізгі тақырыптар талқыланады?

— Жапония мен Қазақстан заң үстемдігіне негізделген еркін және ашық халықаралық тәртіпті сақтау әрі нығайтуда стратегиялық серіктестер саналады. Сонымен қатар, екі тарап экономикалық ынтымақтастық, энергетика, технологиялық инновациялар және экология мәселелері сияқты кең ауқымды салалардағы ынтымақтастықты тереңдетіп келеді. Бұл сапар қазіргі ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі. Сауданы кеңейту және инвестицияларды ынталандыру бастамалары талқыланады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ халықаралық жағдай мен өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігер туралы пікір алмасады.

Қазақстан минералды ресурстарға бай және Еуразия құрлығының көлік-логистикалық хабы ретінде дамудың тарихи мүмкіндігін жүзеге асырып жатыр. «Орта дәліз» көлік-логистикалық жобасын іске асыру арқылы Орталық Азия ішінде және одан тыс жерлерде көлік байланыстарын жақсарту, сондай-ақ Транскаспий халықаралық бағытын қоса алғанда, жаһандық жеткізу тізбектерін нығайту да өте маңызды.

— «Орталық Азия + Жапония» саммиті аясында өтетін бизнес-форумда қай тақырыптар талқыланады?

— Бизнес-форумда бірнеше бағыттар қарастырылады: Көлік және логистика; Энергетика және өнеркәсіп салаларында «жасыл» шешімдерді енгізу; 3. Цифрландыру процестерін ілгерілету.

Сонымен қатар, жапон және қазақстандық компаниялар арасында нақты өзара түсіністік жөніндегі ондаған меморандумға қол қою ескерілген.

— Жапония — «Орталық Азия плюс» диалог форматын бастаған алғашқы ел. «Орталық Азия + Жапония» платформасының Қазақстан үшін маңызы қандай? Бұл ынтымақтастықтан қандай нақты нәтижелер күтуге болады?

— 2004 жылы Орталық Азияның тәуелсіз және тұрақты аймақ ретінде дамуы үшін өңірішілік ынтымақтастық өте маңызды екенін түсіне отырып, сондай-ақ Қазақстанның белсенді қолдауымен, Жапония диалог пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірегей «Орталық Азия + Жапония» форматына бастама көтерді. Осы диалогтің алғашқы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев делегацияны бастап, Сыртқы істер министрі ретінде қатысқан еді. Содан бері 20 жылдан астам уақыт бойы бұл диалог форматы Жапония мен Орталық Азия арасында берік байланысты орнатып, көптеген саяси диалогті өткізуге ықпал етті.

Осы кезеңде Орталық Азия тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізді және оның Еуропа мен Азияны жалғайтын сауда жолы ретіндегі маңыздылығы одан әрі арта түсті. Енді «Орталық Азия + Жапония» диалогі мемлекет басшылары деңгейінде алғаш рет өткізілмек. Жапония Орталық Азиямен қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға мүдделі.

— Қазақстандық мамандар үшін білім беру бағдарламаларын, тағылымдамаларды және академиялық өзара алмасуларды кеңейту жоспары бар ма?

— Шетелде оқу мүмкіндіктерін қоса алғанда, қазақстандық мамандар үшін академиялық алмасу бағдарламаларын тек университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары ғана емес, сондай-ақ Жапония үкіметі де ұйымдастырады.

Жапония үкіметі, яғни Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технология министрлігі (MEXT) жыл сайын қазақстандықтарға арналған әртүрлі үкіметтік стипендия бағдарламаларын ұсынады.

Осындай бағдарламалардың бірі — MEXT-тің «тағылымдамашы-зерттеуші» жобасы. Бұл тұрғыда зерттеушілерге Жапонияда ғылыми қызмет жүргізу мүмкіндігі беріледі. MEXT-тің «мұғалімдер тағылымдамасы» бағдарламасы тәжірибелі мұғалімдерге Жапония университеттерінде кәсіби деңгейін жетілдіруге арналған.

Жас көшбасшылар бағдарламасы Қазақстанда мемлекеттік лауазымдарды атқаратын кадрлар арасынан жас көшбасшыларды даярлау үшін шетелде оқуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Қазақстанда жапон тілін үйренетіндер саны жыл сайын артып келеді. Биыл Астана мен Алматыда өткен жыл сайынғы жапон тілін білу деңгейін анықтау тестілеуіне (JLPT) қатысушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың Жапонияға деген қызығушылығының артуын, сондай-ақ қазақстандық студенттер, мамандар мен ғалымдар үшін зерттеу мүмкіндіктерінің тек Еуропа мен АҚШ-та ғана емес, сонымен қатар Жапонияда да қамтамасыз етілгенін көрсетеді.

Екі ел арасындағы академиялық алмасу бағдарламалары болашақта одан әрі кеңейе түспек.

— Жапония мен Қазақстан ядролық қарусыздану мәселесінде ортақ ұстанымды жариялады. Бұл саладағы ынтымақтастықты қандай жобалар одан әрі нығайта алады?

— Ядролық сынақтар өткізілген Қазақстанда адамдардың көбі әлі күнге дейін радиацияның салдарынан зардап шегіп жатыр. Жапония — соғыс кезінде атом бомбасынан зардап шеккен жалғыз ел. Жинақталған тәжірибесі мен біліміне сүйене отырып, Жапония белсенді түрде өз көмегін ұсынып келеді. Соның ішінде медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және мамандарды даярлауда қолдау көрсету ескерілген.

Жапонияның сыртқы істер министрі Ивая Такешидің биылғы тамыздағы сапары барысында ядролық сынақтан зардап шеккендерді қолдау үшін медициналық жабдықтар жеткізілетіні жарияланды. Мұнымен қоса, Хиросима, Нагасаки және Абай облысы арасында ядролық сынақтан зардап шеккендерге көмектесу жөнінде ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатылған.

Жапония мен Қазақстан БҰҰ қарары арқылы ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық орнатты. Атап айтқанда, Жапония Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні туралы Қазақстан бастамашылық еткен қарарды бірлесіп қолдады.

Ал Қазақстан Жапонияның ядролық қаруды жою туралы қарарын қолдады. Осы тұрғыда екі ел де өзара қолдауға негізделген ынтымақтастықты дамытып келеді.

https://kaz.inform.kz/news/zhaponiya-elshs-tokionin-strategiyalik-zhosparinda-kazakstannin-rol-artip-keled-2de952/

ПІКІР ЖАЗУ