2003 жылдан бері елімізде тамыздың үшінші жексенбісі Спорт күні ретінде аталып өтіледі. Мереке қарсаңында аудандағы спорттың ахуалын бағамдап, бұқаралық спортты дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды білу үшін Хромтау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Санжар Жайлыбайды сөзге тартқан едік.
— Еліміздің ертеңі, жастарды салауатты өмір салтына баулу, бұқаралық спортты дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде спортты жанына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанатын аудан жастары мен тұрғындардың саны күн санап артып келе жатқаны бізді қуантады. Ауданда спортпен шұғылдану үшін жылма-жыл жасалып жатқан жағдайды да атап өткен жөн. Қазіргі таңда аудан бойынша 125 спортпен айналысатын орын халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде бір стадион, бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені, төрт ауылда Ангар тиіпті спорт кешені, 34 спорт залы, он екі хоккей корты, екі бассейн, бір ату тирі, бір теннис корты, 69 жазықтық құрылғы бар. Бүгінде дене шынықтыру және спорт саласында 153 адам еңбек етіп жатыр, — дейді бөлім басшысы Санжар Жайлыбай.
Аудандағы жастар мен жасөспірімдердің спорттық үйірмелермен қамтылуы туралы сұрағанымызда ол:
Қазіргі таңда халық арасында әсіресе ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық басым. Оны елімізде өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынынан айқын байқауға болады. Сондықтан аудандағы ұлттық спорттың қазіргі ахуалын сұрағанымызда кейіпкеріміз былайша жауап қатты: «Ауданда ұлттық спорт түрлері бойынша 41 секция жұмыс жасайды. Оның 22-сі — ауылдық жерлерде. Аудан бойынша 24 жаттықтырушы ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырады. Ұлттық спорт түрлері бойынша шұғылданатындар саны — 2431 адам, оның 444-і — балалар. Хромтау ауданы білім бөліміне қарасты гимназия, орта мектеп, негізгі мектептерде ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық үйірмелері бар. Спорттың бұл түрінен 2000- ға жуық оқушы асық ату және бес асық спорт түрлерінің үйірмелеріне қатысады. Аталған спорт түрлері тоғызқұмалақ, асық ату және бес тас республикалық «Мектеп лигасы» ойындарына енгізілген. Хромтау ауданында асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жекпе-жек ұлттық спорт түрлері дамыған. Сонымен қатар бәйге, теңге ілу, жалпы ат спорты түрлері бойынша іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады», — деді.
Ауылдық жерлердегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында Amanat партиясының бағдарламасымен тоғыз ауылдық округке спорт нұсқаушылар 0,5 жүктемесімен 2022 жылдан бастап жұмысқа қабылданды. Бүгінде олар Табантал, Тассай, Ақжар, Никельтау, Қызылсу, Көктау, Бөгетсай, Тамды, Қопа ауылдарында ауыл тұрғындары мен балалардың және жасөспірімдердің арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорт пен дене шынықтыруға баулу және тарту секілді жұмыстарды атқарып келеді. Биыл қаңтар айынан бүгінге дейін кіші футболдан аудан әкімінің кубогі, хоккейден аудан біріншілігі, асық ату және бес тас ұлттық спорт түрінен аудан біріншілігі, бокстан облыстық ашық біріншілік, қазақ күресінен облыстық ашық турнир, аудан жастары арасында классикалық стендтік пресс спорты түрі, Құрбан айт мерекесіне орай садақ ату, арқан тартыс, қол күрес, қазақ күресі, қошқар көтеру, гір тасын көтеру спорт түрлері, волейболдан қыздар арасында ел чемпионаты, 4х4 жол талғамайтын көліктер арасындағы «Титандар шайқасы» сияқты өзге де спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Спорттық шараларға 20 000-ға жуық халық қамтылды, — дейді бөлім басшысы.
Аудан спортшыларының жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлық. Хромтау ауданының жалпы 40-қа жуық спортшысы — халықаралық, республикалық, облыстық турнирлер мен чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Мәселен, қазақ күресінен 2007-2008 жылдары туған жасөспірім ұлдар арасындағы ҚР чемпионатында Еразмет Елеусіз 65 кг салмақ дәрежесінде екінші орын алса, әйелдер күресінен (U-23) Испания елінің Ла Луссия қаласында өткен дәстүрлі Халықаралық турнирде Хромтау БЖСМ түлегі, жерлесіміз Гүлсезім Бұқаева 65 кг салмақ дәрежесінде екінші орын иемденді. Волейболдан «Әлия» қыздар құрамасы Ақтөбе облысы біріншілігінің жеңімпазы атанды. Волейболдан аудан үздіктері — Рабия Серік пен Виолетта Волга 18 жасқа дейінгі U-(18) ҚР жастар құрамасының сапында Ташкентте өткен Азия біріншілігінде (CAVA) жүлделі екінші орынды жеңіп алса, Сағыныш Жаңабаева және Карина Балмұхамбетова 16 жасқа дейінгі (Г-16) ҚР жастар құрамасы сапында Саха елінде XIII «Азия балалары» Халықаралық ойындарында өнер көрсетті. ҚР жастар құрамасының ойыншысы (U-20) Аружан Беркімбай Қытай елінде Азия біріншілігінде өнер көрсетті. Мұндай жетістіктерді әлі де тізе беруге болады. «Жалпы үлкен додаларда жүрген спортшыларымыз, біздің мақтанышымыз», — дейді С.Жайлыбай.
Ауданда салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану үшін жыл сайын жағдай жасалып келеді. Сол игілікті тұрғындар мақсатты пайдаланып, бұқаралық спорттың одан әрі дамуына өз үлестерін қосуда.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА