"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

БЕСТАСТАН БІРІНШІЛІК ӨТТІ

Наурызнама тұжырымдамасының Ұлттық спорт күні аясында аудан орталығында бестас және асық ату ұлттық спорт түрлері бойынша Хромтау қаласының біріншілігі өткізілді.

Жалпы ұлттық спорт, оның ішінде асық ату мен бестас ойындары қалың көпшілікке дәстүрлі бала ойыны болып қалыптасқан. Алайда, бұл ойын түрі шапшаңдық пен мергендік секілдік қабілеттерді шыңдайтын болғандықтан ұлттық спорт түрі боп бекітіліп, жалпы ережелері бұқаралық спорт ережелеріне сай өзеріске түсті. Бүгінгі таңда кең етек жайып келе жатқан бұл ойын ауданымызда да жақсы деңгейде дамып келеді деуге негіз бар.

Аталмыш біріншіліктің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

— Ұлттық спорт — өткен тарихымыздың бір бөлшегі. Әсіресе бала тәрбиесіне байланысты ойлап табылған ойын түрлері заманға сай өзгеріске еніп, бұқаралық бағыт алып жатқандығы қуантады. Жалпы алғанда ұлттық спортқа қызыққан жандар саны жыл сайын артып келеді, ұмыт болған ойындар да қайта жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыздың қанат жайып жатқаны қуантады, — деген аудан басшысы облыстық кезеңде жеңімпаз атанып, республикалық турнирге жолдама алған ойыншылармен де кездесіп, сәттілік тіледі.

Біріншіліктің қалалық кезеңіне асық ату спорты түрінен 10 спортшы, бестас спортынан 5 спортшы қатысты. Жарыстың бас төрешісі, өңірге еңбегі сінген білікті бапкер Надежда Жақсылыққызының айтуынша, ойынның бұл түрлеріне қызығушылық танытқан оқушылар қатары көп болған. Бастапқыда үйірме ретінде ашылған бестас ойынының қатысушылары — бүгінде облыс намысын қорғап жүрген дарынды спортшылар.

Біріншіліктің нәтижесінде асық ату спорты бойынша бірінші орынды Аманғос Құрманов қанжығалады. Жүлделі екінші орын Совет Жұмабаевқа бұйырса, үшінші орынды Шерхан Отаров иеленді. Ал қыздар арасындағы бестас ойыны бойынша бас жүлдені Жәмилә Абылайханова жеңіп алды. Екінші орынды Гүлсім Тұрар иеленсе, Дильназ Тұралы үшінші орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок пен медаль және арнайы сыйлықтар табысталды.

Одан бөлек, аудан көлемінде Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес ұлттық спорт күнінде гір тасын көтеру, арқан тартыс сайысы, қазақ күресі, бәйге секілді ұлттық спорт ұлықталған сайыстарда 200-ден астам спортшы бақ сынады.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ