Мейіржан Шермаханбет Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында грек-рим күресінен күміс медаль ұтып алды.
Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, грек-рим күресінен Ұлттық құрама палуаны финалда былтырғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Кацуаки Эндодан (Жапония) жеңіліп қалды. Есеп 3-4.
Бұл салмақтағы екі қола Сайед Даниал Сохраби мен Раззак Бейшекеевтің (Қырғызстан) еншісінде кетті.
Мейіржан (67 кг) таңертең бозкілем төрінде 1/8 айналымда Наттапонг Хинмиді (Таиланд) сосын, жарыс қожайыны Лэй Лиді, жартылай финалда жастар арасындағы әлем чемпионы Сайед Даниал Сохрабиді (Иран) таза жеңді.
Мейіржан Шермаханбет жарақатына байланысты жылдың басындағы ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасына қатысқан жоқ. Жазда Дортмунд қаласында өткен Германия Гран-приінде қола жүлдеге қол жеткізді.