"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарСпорт

ЖАС ПАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ

Хромтау қаласындағы «Қажымұқан» спорт клубы ұжымының бастамасымен болған қазақ күресінен республикалық турнир өз мәресіне жетті.
Боз кілемде күш сынасқан жас палуандар арасындағы белдесулерге 16 құрама қатысып, 210 спортшы өз бақтарын сынады.
Ұлттық спортты дәріптеп жүрген «Қажымұқан» спорт клубының жетекшісі Әлібек Зингин өңірімізге белгілі бапкер ғана емес, қазақ күресінен ең айтулы жарыс — «Қазақстан барысы» секілді байрақты бәсекелерде әділ шешімін айтар жоғары дәрежелі төреші. Оның айтуынша, аталмыш жарыс жас палуандар үшін боз кілемде ысылып, тәжірибе жинайтын үлкен мүмкіндік екен.
— Ұлттық спортымызды дамыту үшін ең әуелі — оны жас ұрпаққа дұрыс дәріптей білу қажет. Күш атасын танымас деп жатамыз. Білекті де батыл ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, қазақ күресін таныту керектігін де білеміз. Одан бөлек, орта және жеңіл салмақтағы күресшілердің біліктілігін арттыру да — басты назарда. Бүгінде жаттығу залдарында қазақ күресін меңгеріп жүрген балалар аз емес. Оған дәлел — осы жолғы жарыстың қатысушылары, — деген клуб жетекшісі бәсекеге білікті төрешілерді де шақырған.
Бірнеше күнге созылған белдесулерде жас ерекшелігіне қарай 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара күш сынасқан палуандар нәтижесі көңіл қуантады. Мәселен, жарыстың жалпы қорытындысы бойынша топтық есепте Маңғыстау облысының құрамасы үздік үштікке ілінді. Ал Ақтөбе қаласынан келген «Байниязов» спорт клубының палуандары екінші орынға жайғасса, «Қажымұқан» спорт клубы топ жарды.
Үздіксіз өткізілген жаттығу жиындарында төккен терлері ақталған палуандарға мадақтама мен медальдан бөлек, арнайы белбеулер табысталды. Орта салмақта кілемге шығып бағын сынап, жүлделі болған хромтаулық жас палуан Ақылбек Ілескен де қуанышын жасыра алмады. Оның айтуынша, спорттың бұл түріне қызығуға ағалары себеп болған.
— Бұл — менің республикалық деңгейдегі жарысқа алғашқы қадамым. Жүлдегерлер қатарында болғаныма қуаныштымын. Ақтық сайысқа бір кезең жетпей қалды. Өз қателіктеріммен жұмыс жасап, жаттығуды күшейтемін. Жаттықтырушыма алғыс айтамын, — дейді ол.
Бұл — палуандардың деңгейін, әсіресе, техникалық базасы мен физикалық күштерін көрсеткен жарыс болды. Ең бастысы — жарыс кезінде жарақат алған палуандар да тіркелмеді.

АЛМАТ Зейнолла

ПІКІР ЖАЗУ