Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде волейболдан қыздар арасындағы 2010-2011 жылғы құрамасы облыс біріншілігінде жеңімпаз атанды.
Аймақтық біріншілікке аудандар мен Ақтөбе қаласының спорт мектептерінен барлығы 16 команда қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатынан соң жеребе тартып, топқа бөліну кезеңі өтті. Бұл кезеңде жерлестеріміз Темір, Мұғалжар және Ақтөбе қаласының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі құрамалары арасында өткен тартыста шеберлік танытып, келесі кезеңге айқын өтті. Ширек финалда Мәртөк ауданының құрамасымен ойнаған жерлестеріміз үздік комбинациялық ойын жүйесі арқылы жартылай финалдың ауылы алыс емес екендігін алғашқы таймда-ақ дәлелдеп үлгерді. «Жартылай финал ең қиын және ауыр ойын болды», — дейді команда жетекшісі Қуаныш Төлебай.
Жаттықтырушының айтуынша, жартылай финалда кездескен Ақтөбе қаласының №2 БЖСМ құрамасы тактикалық тұрғыда қарсыластың «ойын оқыған» алғашқы команда екен. Тартысқа толы өткен матч қорытындысы бойынша аудан құрамасы шешуші кезеңде қажетті ұпайларды еселеп жинап, тікелей ақтық мәреге жолдама алды. Ақтық бәсекеде Байғанин ауданының құрамасын айқын басымдықпен жеңген Хромтау ауданының құрамасы облыс чемпионы атанды.
Чемпиондарды аудан орталығында күтіп алу салтанаты ұйымдастырылып, аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов бұл шараға арнайы қатысты. Жарыс жеңімпаздарына жүрекжарды тілегін жолдаған аудан әкімі жас спортшыларға «ҚР спорт шеберлігіне үміткер» куәлігін табыстады.
— Сіздердің жеткен әрбір жетістіктеріңіз үшін ата-аналарыңыздан артық қуанбасақ, кем қуанбаймыз. Бізге әрдайым мақтаныш сезімін ұялатып жүргендеріңіз үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Алдағы өтетін байрақты бәсекелерде де сәттілік серіктеріңіз болсын, — деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Аталмыш құрама алдағы уақытта да бірнеше дүбірлі додаға қатыспақ. Ол туралы команда жаттықтырушысы:
— Облыстық біріншілік үлкен жарыстар үшін мықты тәжірибе болды деп айта аламын. Халықаралық турнирлер мен ел біріншілігіне оқу-жаттығу жиындарын бастамақпыз. Мамыр айында екі үлкен жарысты жоспарлап отырмыз. Алғашқысы Ресейдің Челябинск қаласындағы халықаралық турнир болса, айдың соңында өз қаламызда жоспарланған ел чемпионаты бекітілген, — деді ол.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА