"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Тарих

МАЙДАНДА ТАМҒАН МАҢДАЙ ТЕР

Биыл Жеңістің 79-шы көктемін өңіріміздегі, оның ішінде Хромтау ауданында өмір сүріп жатқан Ұлы Отан соғысына қатысушы жалғыз ғана жауынгер — Василий Грецкиймен бірге қарсы аламыз. Соған орай ескі жылдардың естелігін келер ұрпақтың есіне салып, тарихтан тағылым беру мақсатында сұрапыл соғыс жылдарындағы Қазақстан халқының жеңіске қосқан үлесі мен статистикалық сандарды да оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

 

ГРЕЦКИЙ — СОҒЫСТЫ КӨРГЕН АЙМАҚТАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ЖАУЫНГЕР

Алдымен соғысқа қатысушы жауынгер — Василий Иванович Грецкий туралы айтқанымыз жөн болар. Бүгінде соғысты көрген облыстағы жалғыз ғана қалған жауынгер Василий Грецкий Хромтау қаласында тұрады. Майдангердің өмір жолы — ұрпаққа өнеге.

1922 жылы Белоруссияның Полоцк қаласында дүниеге келген ол соғысқа дейін Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында жұмыс жасаған. 1942 жылы Алматы қаласынан әскери комиссариат арқылы әскерге шақырылған. Сонда алты ай әскери дайындықтан кейін 1943 жылы Алматы қаласынан майданға жіберіледі.

Ол 1 Украина, 111 Белорус майдандарының құрамында сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында соғысқан. 1945 жылы Жеңісті Берлиннен 75 шақырым жердегі Ельцих қаласында госпитальда қарсы алады. Бұдан соң бұлардың полкі Орал қаласында дислокацияға жіберілген. 1946 жылы соғыста алған жарақаттарына байланысты әскер қатарынан босатылады. Ол — қатардағы жауынгер. Дегенмен майдангердің әскери наградаларына көпшілік сүйсініп қарайды. «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері Василий Грецкийдің кеудесіне кезінде Жеңістің мерейтойлық медальдары да тағылған.

 

ОРАЛМАҒАН БОЗДАҚТАР

Өз дәуірінде азулы да, айбарлы кеңес үкіметі аталған алып империяның аумағына қауіп төнгенде одақ құрамында болған барлық республикалар басқыншылыққа қарсы қарқынды күрес жүргізген болатын. Оның ішінде қазір тәуелсіз мемлекетке айналып, әлемге өзінің айбары мен айдынын танытып, азаттығы мен қазақтығын көрсете білген Қазақстан Республикасының жеңіске қосқан үлесін айрықша атап өткен жөн.

Қазақстаннан Ұлы Отан соғысы жылдары 1 миллион 200 мың адам майданға шақырту алды. Майдан даласынан 394 мың боздақ қайта оралмады. Соғыс жылдары Қазақстан аумағында 14 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы,  6 атқыштар бригадасы және 50-ге тарта әр түрлі полк пен батальондар құрылып, қан қасаптың ордасы болған майдан даласына аттанды. Соғыс кезінде 3,5 мыңдай қазақстандық партизан отрядттарының сабында соғысқа қатысып, жеңісті жақындатуға өз сүбелі үлестерін қосты. Бұл Қазақстанның жеңіске қосқан адами ресурстары ғана болатын.

 

ЕСКІ  ЖЫЛДАР, ЕСТЕЛІКТЕР…

Тарихтан дерек тартсақ, елде жүріп-ақ майданға еңбекпен және материалдық қолдаудың өзі ауыр жылдардағы халықтың ауызбіршілігінің айқын көрінісі болғаны анық. Мәселен, соғыстың 4 жылы ішінде Қазақстан халықы 482,8 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкініс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасы мен 155,3 мың тонна мақта берді. Сондай-ақ, Қазақстан майдан үшін қорғасынның 85 пайызын, мыстың 30 пайызын және мұнай мен көмір өндірді. Мұнымен шектелмей жеңіске деген сеннім мен бірліктің арқасында соғыста жүрген азаматтар үшін еліміз 6 миллион тонна бидай, 797 мың тонна ет өндіріп, әскерлер үшін мінуге 150 мың бас жылқы берді. Қазақстан еңбекшілері  майданға 25 миллион жылы киім, 4 миллиард сом ақша жинап, әскери техникалар мен қару-жарақтар сатып әперіп, жеңіс күнін ерен еңбектерімен одан әрі жақындата түсті.

Майдан үшін тамған маңдай тер мен ауыр еңбектің өтеуі елін қорғауға аттанған ерлерінің даңқты батырлығымен өлшеніп, жеңіс туның желбіреуімен ақталды. Жаумен жан аямай шайқасқан қазақстандық бес әскери құрамаға «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына бірнеше орден тағылды. Ал олардың қатарында ерлігі аңызға айналған атақты 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы да бар еді. Жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін 96 638 қазақстандық жауынгер бірнеше дүркін орден және медальдармен марапатталса, 497 жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы бұйырды. Олардың 97-сі қазақтар болатын. Сонымен қатар 142 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері атанған еді.

Осындай даңқты батыр бабаларының ерлігін естіп, еңбегін бағамдаған жас буын үлгі-өнегіге қанық болып өсіп, Жеңістің 79-шы жылын қарсы алатын батырлардың көзін көріп, көлеңкесіне айналған қазір асыл қазыналарымыз ардагерлерді ардақтуға тиісті әрі міндетті.

Бүгінде елімізде 167 соғыс ардагері мен соғыс мүгедегі бар. Жеңістің тағы бір жылы ескі жылдардың естелігіне айналып бара жатыр…

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ