"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ҚоғамТарих

ЖАУЫНГЕРДІҢ АУЛАСЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы шеңберінде аудан жастарының бастамасымен  Хромтау қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Грецкийдің үйінің ауласы абаттандырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді.

Игі шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Біржанов, аудандық мәслихат депутаты, «Қаһарман» қоғамдық ұйымының жетекшісі Фархад Сағынбайлар қолдады. Тазалық акциясына отыздан астам белсенді жас қатысты.

  • Екі айлық сенбілік жұмыстарының «Өнегелі ұрпақ» апталығында қаламыздың белсенді жастары өз еріктерімен келіп, соғыс ардагері Василий Ивановичтің үйінің ауласында тазалық жұмыстарына атсалысты. Бұндай игі шараны өз бастамаларымен қолға алып жатқан жігерлі жастарды көргенде бойыңды мақтаныш сезімі кернейді. Мұндай шара арқылы біз өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен ұлттық тәрбиеге баулимыз. Сондықтан үлкенге құрмет көрсеткен жастарға ізет көрсетіп, үлгілі өмір салтына лайық болу үшін барша қазақстандықтарды, аға буынды қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуға шақырамыз. Ортақ шаңырағымыз — Қазақстанның болашағы жалынды жастардың қолында, —  деп Қуаныш Біржанов жастарға ризашылығын білдіріп, батасын берді.

Василий Грецкий 1942 жылы Алматы қаласынан әскери комиссариат арқылы әскерге шақырылған. Сонда алты ай әскери дайындықтан өткеннен кейін 1943 жылы Алматы қаласының горнизонынан майданға жіберілді. Әскер қатарында бірінші Украина, 111-Белорус майдандарының құрамында сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында соғысқан. 1945 жылы Жеңісті Берлиннен 75 шақырым жердегі Ельцих қаласында госпитальда қарсы алды. Бұдан соң бұлардың полкі Орал қаласында дислокацияға жіберілді. 1946 жылы соғыста алған жарақаттарына байланысты әскер қатарынан босатылған.

Елінің азаттығы үшін қан кешкен майдангер батырдың есімі халықтың жүрегінде екені сөзсіз. Ғасыр жасаған батырдың ғұмыры көпке үлгі, жастарға өнеге.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ