"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Үкімет

Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдады

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралған жиын өткізді.

Кешенді жоспарда мал басын өсіруге, өнімділікті арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған саланы мемлекеттік қолдаудың тәсілдері мен тетіктері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39%-ын құрайды. Ірі қара мал басының 2,4%-ға және ұсақ мал басының 1,6%-ға шамалы өсуі байқалады. Сүт өндірісі 5% өсіммен шамамен 3,8 млн тоннаны құрады, ет өндіру көлемі 1,2 млн тоннаға жетті, бұл өткен жылғы деңгейден 2,6%-ға жоғары.

Алайда, жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 2-3% деңгейінде сақталуы саланың әлеуетін толық ашпай отыр.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа және ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ, ет өндірісінің 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін өсуі және оның экспортының 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғаюы күтілуде.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бірқатар бағыт бойынша саланы қаржылық қолдау шараларының кешені ұсынылатынын баяндады.

  • Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруға жылдық қажеттілік 300 млрд теңгені құрайды. Бұл шараны жүзеге асыру табынның жаңаруын жеделдетуге және мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
  • Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін биыл қаржыландыру көлемі 50 млрд теңге болатын жылдық мөлшерлемесі 6%-бен бірыңғай жеңілдікті несие беру көзделген.
  • Қосымша 50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр.
  • Сондай-ақ мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын, жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруды қолжетімді ете түсу үшін «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігін қолдану көзделген.

Сондай-ақ Кешенді жоспардың жобасында саланы кадрлармен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдайлар жасау, оның ішінде шопандар мен бақташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету, мамандар үшін тұрғын үй құрылысын салу және тағы да басқа шаралар көзделген.

Бұдан бөлек, тиімді маркетингтік инфрақұрылымды қалыптастыру және өткізу нарықтарын кеңейту көзделіп отыр. Ветеринариялық қауіпсіздік экспорттық нарықтарға шығудың міндетті шарты болып саналады. Осы бағытта ветеринариялық нысандарды жаңғырту бойынша жұмыс жалғасады, сондай-ақ сауда объектілерінде күнделікті бақылауды жүзеге асыру жоспарлануда. Мал иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселесі пысықталуда.

Жоспардың іс-шаралары негізінен бюджетте көзделген қаражатқа, бюджеттік несиелер және қаржы институттарының облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау бағдарламалары есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.

Олжас Бектенов Кешенді жоспардың шаралары ішкі нарықты отандық өніммен жүйелі түрде қанықтыруды және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша болжамды баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ қайта өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту қажет. Өндіріс пен өнім айналымының барлық кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін цифрлық платформаларға біріктіру және оларды бірыңғай есепке алу көзі ретінде пайдалану тапсырылды.

Премьер-министр Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі жөніндегі тапсырмаларының орындалуына назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жердің ұтымды пайдаланылуын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Астық егетін үш өңір бойынша 330 шаруашылық жоғары бақылауда. Мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда учаскелер азаматтарға одан әрі қайта бөлу үшін мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.

Жиын қорытындысы бойынша Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысты үйлестіруді және барлық көзделген шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ