"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ЖЕҢІМПАЗ ЖОБА

«Tugan Qala» жобасының 2023-24 жылғы кезеңіндегі жеңімпаз жобалардың бірі – Железнодорожная көшесіндегі доп ойынына арналған алаң құрылысы. Аталмыш жобаның авторы Нұрбол Ырысмағамбетов «Tugan Qala» жобасы арқылы Хромтау қаласының «Новая станция» аумағына жергілікті балалар үшін және бұқаралық спортты дамыту мақсатында доп ойындарына арналған төсенішті алаң жобасын даярлаған. Жаңа идеялы жоба болмаса да тұрғындардың көңілінен шығып, елеулі дауыс жинаған жанашыр жанның жобасы жүзеге аса білді.

Нұрбол – өзі туып-өскен қаланың нағыз жанашыр тұрғыны. Қазіргі таңда жерасты құрылысының инженері болып еңбек етуде. Бос уақытында спортпен айналысатын ол жас ұрпақтың да салауатты болып өскенін қалайды.

– «Дені саудың – жаны сау» демекші, спортпен шұғылдану – бала күнімнен бергі сүйікті істерімнің бірі. Ал өзім тұратын ауданда арнайы алаңның жоқтығы біраз қиыншылық тудырғаны рас. Өзіміз тұратын «Новая станция» аймағына балалар да, ересектер де уақытын салауатты өткізетін дәл осындай нысан керек еді. Сабақты ине сәтімен дегендей, осы жобаға қатысып, өз ойыммен бөлісіп, бағымды сынап көрдім. Осылайша «Tugan Qala» жобасы арқылы өзекті мәселемізді шешіп, халықтың алғысына алдым, – деген Нұрбол Нұржанұлы алдағы уақытта да аталмыш жобаға қатысатынын жеткізді.

Бұл жобаның әлеуеті мен мүмкіндіктері орасан зор. Әсіресе қала сәулетін түрлендіріп, тұрғындардың ұсыныстарын жүзеге асыруда үлкен мүмкіндік болған жоба биыл бірнеше қомақты жобаларды жүзеге асыруда.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ