Кәсіпкер Айдын Шамшинаның есімі Хромтау жұртшылығына жақсы таныс. Ол — Бөгетсай ауылының тұрғыны. Бүгінде аудандағы белсенді кәсіпкерлердің қатарындағы Айдын «100 асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері» республикалық кітабына да енді.
Тасөткелдің қызы
Мемлекетіміздің өркендеуі бағытында кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген әйел адамдардың да қосқан үлесі зор. Солардың қатарында бөгетсайлық Айдын Шамшина да бар. Бүгінде жолдасы Нұрбек екеуі отбасында бес бала тәрбиелеп отырған Тасөткелдің қызы Айдын 2008 жылы Бөгетсайға келін болып түседі.
— Отбасының берекесі — ынтымақ-бірлік, содан соң еңбекпен кіретіні белгілі. Сондықтан да мен де ауылдық жерде екінің біріне ыңғайлы жұмыстың табыла бермейтінін сылтау етіп, қол қусырып қарап отыруды жөн көрмедім. Сөйтіп, бизнес бастауды тәуекел еттік, — деді Айдын Шамшина.
Ол 2014 жылы халықаралық маңыздағы Самара-Шымкент тас жолы бойында орналасқан Бөгетсай ауылында «Толғанай» дүкенін ашады. Халыққа қызмет ету бағытында ашылған бұл дүкеннің маңында қазір наубайхана, асхана жұмыс жасайды. Бастапқыда отбасы мүшелері еңбектенген бұл орталыққа келушілердің қатары көбейіп, тапсырыс молайған шақта, Айдын тұрақты жұмысқа адам қабылдай бастайды. Қазіргі күні ол 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың барлығы — ауыл тұрғындары.
Кедергілерге мойымадық…
— Дүкен тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, келушілер көп. Олардың дені — жолаушылар. Осы бизнесті ашарда мемлекеттің қолдауын ерекше сезіндік. Себебі арнайы бағдарламаға қатысып, жылдық үстемеақысы төмен пайызбен 3 миллион теңге несиеге қол жеткізген едік. Бастапқыда табыс аз түсті. Алайда «аз да болса, берекелі болсын» деген ата-енемнің осы сөзі бізге үлкен демеу болды. Сөйтіп, бұл бағыттағы ісімізді тәуекелмен алға жылжыта бердік. «Табысы мардымсыз екен» деп мойымай, керісінше, бастаған ісімізді орта жолда қалдырмай, кеңейтуді мақсат еттік. Кәсіпкерлік ісімізде кездескен кедергілерді жеңуге тырыстық. Алдымен дүкен ашуды көздеген едім, оған қолайлы жеке үй жалдаудың реті бола қоймады. Сөйтіп жеке үйіміздің бір бөлмесін босатып, ескі жиһаздардан дүкенге қажетті сөрелер жасап алдық. Осылайша аз күннің ішінде сөрелерді затқа толтырып, дүкенімізге сатып алушылар да келе бастады. Дегенмен бастапқыда ашқан дүкеніміз кейін тарлық ете бастады. Несие қаражатына дүкен мен дәмхана ғимаратын тұрғызудың сәті түсті, — деді кейіпкеріміз.
Тікенекті қиярға тапсырыс көп
Мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезінген Айдын былтыр жолдасы Нұрбек екеуі жыл соңында «Ауыл аманаты» жобасына да қатысты. Жоба аясында 15 миллион 800 мың теңге несие алған келіншек жеке үйінің аумағынан жылыжай салуды жоспарлапты. Бүгінгі күні жергілікті өнімді сатылымға шығарған көпбалалы ананың бұл тірлігіне ауылдастары дән риза.
— Жылыжайымыздың жалпы ауданы — 240 шаршы метр. Былтыр қарашада қиярдың «Марокко» сорты мен аскөк, ақжелкен еккенбіз, қазір жемісін көріп жатырмыз. Бұл жұмыстың алға жылжуына ата-енемнің, жолдасымның еңбегі ерекше. Жылыжай заманауи үлгіде тұрғызылды, тамшылатып суару технологиясын таңдадық. Қазіргі күні қиярдың келісін 900 теңгеден сатып отырмыз. Екі күнде 60 келіден астам қияр теріліп, тапсырылады. Өнімді Хромтау қаласына жеткізіп береміз. Ең бастысы — жылыжайда жылына екі рет өнім егуге мүмкіндік бар, — деді кәсіпкер.
Үлкен жолдың бойы — істің көзі
— Бизнеске жаңадан келген уақытта істі қалай үйлестіруді білмей, тосырқай қараған кездеріміз қазір артта қалды. Түсінген адамға, үлкен жолдың бойы — істің көзі. Біздің еңбектегі табыстарымыз тек бүгінгі күнгі несібеміз үшін ғана емес, сондай-ақ болашақ үшін, балаларымызға адамның өз күш-жігіріне, біліміне сеніп, ерінбей еңбек еткенде ғана шынайы бақытқа, мол дәулетке жете алатынын ұғындыру үшін де керек, — деді Айдын.
Кейіпкеріміз Астана қаласында өткен республикалық кәсіпкер ауыл әйелдері форумына да қатысып, көп нәрсені ұғып қайтқанын айтады. Ол өз сөзінде мемлекеттің бизнеске жасап отырған қамқорлығына шынайы ризашылығын білдірді. Соның ішінде аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімдерін ерекше атап өтті.
Ләззат ӘБДІРОВА.