Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастамасымен аудан орталығындағы сауда орындары мен дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен басқа да тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында кезекті мониторинг жүргізілді.
Хромтау қаласында орналасқан азық-түлік сататын 85 дүкенде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімінің бағасынан бөлек, тауардың сапасы мен халыққа қамтамасыз етілуі толық бақылауда. Бұл туралы баяндаған аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Талғат Болысбаев тауар айналымының болжамды баға реттілігін де назарда ұстап отырғандарын айтты.
— Сауда айналымындағы баға тұрақтылығын қадағалау үшін үнемі сараптамалық жұмыстар жүргіземіз. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің де бағасы — басты назарда. Сауда нысандарын аралау барысында кәсіпкерлерге «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9-бабына сәйкес, шекті баға мен сауда үстемесінің мөлшері сатып алынған бағасынан 15 пайыздан жоғары баға қосылмау керектігі міндеттелгенін түсіндіріп, жадынамалар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, — деді сала басшысы.
Одан бөлек, кәсіпкерлік бөлімі мамандары аталған азық-түлік бағасын тұрақтандыруда жүйелі жоспар аясында делдалдардың қатысуынсыз өндірушілер мен тұрақтандыру қорынан немесе көтерме сауда орталықтарынан барлық азық-түлік өнімдерін тікелей жеткізуді ұйымдастыру бойынша да нақты іс-шаралар жүргізген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын бекіту жобасы аясында аудан орталығындағы нан өнімдерін сататын бірқатар наубайханалармен де келісіп, бірнеше дүкенде «әлеуметтік нан» сатылымға тұрақты түрде шығады.
Сонымен қатар аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы ауыл шаруашылық өнімдерін сатылымға шығару мақсатында Хромтау қаласы М.Әуезов көшесі 8 «А» мекен-жайында арнайы «Ауыл аманаты» павильонын ашқан болатын. Бұл павильонда қолжетімді бағада таза әрі сапалы өнімдер үзілген емес
Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік қоры, баға қолжетімділігі секілді барлық мәселе жауапты сала мамандарының басты назарында. Түсіндіру жұмыстары, мониторинг жүргізу секілді іс-шаралар да уақытылы жүргізіліп келеді.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА