"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

БИЫЛ 31 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР КЕРІ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың төрағалығымен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және көктемгі далалық жұмыстарға дайындық барысын талқылаған жиын өтті.
Барлық деңгейдегі ауыл шаруашылық құрылымдары өкілдерінің басы қосылған кездесуге облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев пен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалының өкілі Айнұр Медетова, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Асхат Оңдағановтар қатысты. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау және өзге де мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттық бағыттағы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешен негізінде аймақтарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында шаруалар мен диқандар үшін жеңілдетілген қаржыландыру қызметтерінің негізгі бағдары — аграрлық өндірістің көлік базасын толықтыру үшін арнайы техникаларды лизингтік жолмен несиелендіруге көмек көрсету мәселесін алға тартқан Асхат Оңдағанов аталған қызметтің мүмкіндіктері мен жаңа шарттарын атап өтті.
— Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егістік алқабындағы мелиоративтік жұмыстарға арналған машиналарға, сонымен қатар ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдайтын көлік құралдарына лизинг шарттары қарастырылған. Яғни, алдын ала төлемсіз мүмкіндігінен бастап 370 миллион теңге шегіне дейінгі аралықта 10 жыл мерзімге 22,75 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен қаржылануға толық мүмкіндік бар, — деді ол.
Аталмыш салада өткен жылы аудан көлемінде 40 арнайы техника сатып алынса, биылғы жылы жоспарланған 122 дана арнайы техниканың 11 данасы қатарға қосылған. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалин өз баяндамасында мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы саласында өнім өндірушілердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында төменгі пайызбен қаржыланған кәсіп иелерінің қатары көп. Ал егістік жұмыстарымен айналысатын шаруалардың саны бірқалыпты.
— Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін арзандатылған дизель отынына өтінім берген 34 ұжымнан жалпы саны 574 арнайы техника жұмылдырылмақ. Жанар-жағармайды шаруашылық ұжымдарға жіберуші операторлар — «АЗС-ЛИДЕР» және «БАТЫС Жер» серіктестіктері анықталды. Биыл жақсы өнім аламыз деген үміт бар. Барлық шаруа қожалықтары мен агроөнеркәсіптік ұжымдар егістік жұмыстарына сақадай-сай десек болады, — деді сала басшысы.
Еске сала кетейік, былтырғы жылы 60 мың тоннаға жуық астық жиналып, орташа өнімділік 11,5 центнерді құраған еді. Биылғы жылы да қамбаға көп астық құйылғанын тілеген диқандар дәнді-дақылдың басты жауы — шегірткенің көбею гипотезасынан секем алып отырғандарын жасырмады. Ол туралы аумақтық инспекция басшысы Нұрлан Әлмұратов та жаз мезгілінде шегірткенің жалпылама таралуынан бөлек, санының жоғарылау қаупі бар екендігі туралы дабыл қақты.
— Егістікке қауіп төндіретін үйірлі шегірткелер қатарындағы ең қауіптісі — итальяндық шегірткелер. Өткен жылдың тамыз айында аудан аумағына қоныс аударған үрейлі жәндіктердің жұмыртқасы 13 ауылдың территориясында шоғырланып үлгерді. Зиянкестердің ең көп жиналған ошағы — Табантал ауылында байқалып отыр. Әзірге бақылау жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Әрбір ауыл әкімдері бақылаушы тағайындаса, біздің қызметкерлер сол жауапты мамандармен жүйелі түрде кемі 75 мың гектар аймаққа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін боламыз, — деді инспекция басшысы.
Аудан әкімі де аталған мәселе жеке бақылауында екенін айтып, ауыл әкімдеріне барлық көмек түрлерін көрсетуді тапсырды. Әсіресе, маусымдық жұмысқа бақылаушылар тағайындау жұмыстарымен әр ауылдың әкімдері жеке айналысуын тапсырды.
Кездесудің екінші бөлігі сұрақ-жауап форматына ауысты. Жиынға қатысқан сала өкілдері өзекті мәселелерді көтеріп, спикерлерге өз сұрақтарын қойды. Олардың арасында мақсатсыз пайдаланылған жер телімдері, ауыл шаруашылығы саласындағы кадр жетіспеушілігі, мал ауруларының алдын алу шаралары, мал суару ұңғымаларына арналған субсидия мәселесі секілді бірқатар сұрақтарға мамандар жауап берді. Жер мәселесіне қатысты аудан басшысы жауап берді. Оның айтуынша, биыл 31 мың гектар жерді кері қайтару жоспарда бар екенін жеткізді. Асылхан Әбтиев мал суару ұңғымаларына субсидия сақталғанын жеткізді. Алайда ол ұңғыманы барлық талаптарға бағына отырып, яғни лицензияланған мамандарға қаздыру керек екендігін айтты.
Кездесу соңында аудан басшысы аумақтық ветеринариялық станцияның қызметкері Несібелі Жүсіпқызын зейнетке шығуымен құттықтап, көпжылдық елеулі еңбегіне өз алғысын білдірді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ