"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ҚоғамЭкономика

Шахтердің бәрі — ардагер

Шахтердің бәрі - ардагер

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатының электровоз машинисі Избан Айтимов кәсіпорында 24 жылдан бері еңбек етеді. Ізінен ерген қос ұлы да техниканың тілін жетік меңгеріп, электровоз тізгіндеп келеді.    

Избан Айтимовтің комбинаттағы еңбек жолы 1998 жылы теміржол цехында басталды. Төрт жылдан кейін ол шахтаға ауысқан. Алғашында жолшы, артынан сегіз жыл бригадир болды. Қазір ол электровоз машинисі қызметін атқарып келеді. Кейін Избан Айтимовтің жанына екі ұлы қосылды. Олар да шахта электровозын айдайды. Ағайынды екеу Хромтау тау-кен техникалық колледжін тәмамдаған.

Электровоздар кенді 2,5-3 шақырым жүріп төңкергішке тасиды. Бір сапарында 60 тоннаға жуық кенді 8 вагонмен жеткізеді. Электровоз машинисіне ең керегі – қырағылық. Ұйқысы қанық, көңілі орнында болуы керек. Артық қимыл — өмірге қауіп.

— Өзімнің шахтада жүргеніме 24 жыл болды. Балаларым менімен бірге 18 жыл жұмыс жасап келеді. Балаларым жұмысымды көріп, қызығушылық танытты. Оқуға да өздері ұмтылды,- дейді Избан Айтимов.

Избан Айтимов Хромтау ауданы Құдықсай ауылында туып-өскен. Сонда мектеп бітіріп, Темір ауданындағы ауылшаруашылық колледжде есепші мамандығында білім алды. Құдықсай ауылында он жыл есепші болды. Қайта құру жылдары Хромтауға көшіп, Дөң тау-кен байыту комбинатына жолы түскен. Бүгінде ұлдары Нұрлан Айтимов пен Руслан Айтимов үшеуі бір учаскеде үш ауысымда жұмыс жасайды.

Айтимовтер отбасының жұмысы ғана емес, қызығушылықтары да бірдей. Балық аулап, аңға шыққанды ұнатады.

— Таза ауаға шығып өзен жағасында балық аулағанды жақсы көремін. Балық аулауға немерелерімді де үйреттім. Олар қазір менен жақсы аулайды,- деп риза болады бригадир-машинист.

Избан Айтимовтің отбасында барлық бала аяққа тұрды. Нұрлан жеті жылдан бері  машинистердің бригадирі, ал Руслан – буын бригадирі. Избанның бір інісі Тыныштыққали Айтимов өзімен бірге бір участокта кенші болып жұмыс жасап жүр. Екінші  інісі Жаңалық Айтимов – комбинат автобусының жүргізушісі.

— 600 метр жердің астында жүріп өмірдің мәнін терең түсінесің. Адамдар бұл жерде бір-бірімен жақын туғанындай араласады. Шахтердің бәрі бір-бір ардагер ғой. Қызметіңе адал болу – ең басты нәрсе,- дейді кейіпкеріміз.

Айгерім Шымқаева

ПІКІР ЖАЗУ