"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ЕЭФ-2026: Мемлекет басшылары елордадағы форумға қатысып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Еуразиялық экономикалық форумның (ЕЭФ-2026) пленарлық отырысы басталды.

 

а
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар келді.

Астанадағы Конгресс орталығында өтіп жатқан бұл форумдағы басты тақырып – «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру». ЕЭФ-2026 бағдарламасы шамамен 30 іс-шарадан тұрады және 4 тақырыптық блокқа топтастырылған: «ЕАЭО нарығын дамытуды трансформациялау», «Еуразиялық сабақтастық», «ЕАЭО+» және «Форум аясындағы іс-шаралар».

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс форумның басты іс-шарасына айналып отыр.

Іс-шара ЕАЭО мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің ірі, орта және шағын бизнес басшыларына, мемлекеттік билік органдары мен халықаралық ұйымдар өкілдеріне арналған.

Еске салсақ, бірінші ЕЭФ 2022 жылғы мамырда Бішкекте, екінші форум 2023 жылы Мәскеуде, үшіншісі — 2024 жылғы қыркүйекте Ереванда, төртіншісі 2025 жылғы маусымда Минскіде өтті. Ал V ЕЭФ биыл 28-29 мамырда Астанада ұйымдастырылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин «Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

https://kaz.inform.kz/news/eef-2026-memleket-basshilari-elordadagi-forumga-katisip-zhatir-2375a5d8