"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Заң үстемдігі — қоғам сенімінің негізі

Форум

Ақтөбедегі «Әділет» партиясының ғимаратында заң үстемдігін нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған өңірлік форум өтті.

Басқосуда батыс өңірі прокуратураларының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған озық жобалары таныстырылды.

Форумға Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, Құрылтай депутаты Мейрамбай Кемалов, өңірлік прокуратура басшылары, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен прокуратура ардагерлері қатысты.
Форумда таныстырылған маңызды жобалардың бірі — Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының «Қауіпсіз өңір» бастамасы. Жобаның негізгі ерекшелігі — қылмыс жасалғаннан кейін оның салдарымен күресу емес, құқықбұзушылыққа себеп болатын жағдайларды алдын ала анықтап, оларды жою.
Жобаның жүзеге асырылу барысы туралы Орал қаласының прокуроры Болат Жұмағалиев айтып берді:
— Орал қаласын он секторға бөліп, әр аумаққа жеке прокурорларды бекіттік. Олар тиісті мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, өздеріне қарасты аумақтағы мәселелерді анықтап, шешу жұмысын жүргізеді.
Талдау барысында қылмыстың басым бөлігі жарықтандырылмаған көшелерде, бейнебақылау камералары жоқ және абаттандырылмаған аумақтарда болатыны байқалды. Осыған байланысты қалада жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 300-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Нәтижесінде қаладағы қылмыс деңгейі 20 пайызға төмендеді. Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша да оң динамика байқалды, — деді Б.Жұмағалиев.
Оның айтуынша, жобаның тағы бір ерекшелігі — жергілікті кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысына тарту. Осы арқылы туған қаласының дамуына үлес қосқысы келетін азаматтардың бастамаларына қолдау көрсетіледі.
Қала аумағы қауіп деңгейіне қарай қызыл, сары және көк аймақтарға бөлінген.
— Мәселен, қаланың төртінші секторында құқықбұзушылықтар саны күрт өсті. Талдау барысында түнгі клубтардың біріне қатысты жылдың басынан бері полицияға жүзден астам хабарлама түскені, он қылмыстық іс қозғалғаны анықталды. Біз сот тәртібімен аталған нысанның лицензиясын тоқтаттық. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, нашақорлық пен қоғамдық тәртіпті бұзу деректері анықталды. Нәтижесінде осы аумақтағы қылмыс көрсеткіші төмендеді, — деді Болат Жұмағалиев. .
Форумда Қызылорда облысы прокуратурасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған «Адал бала» жобасы да таныстырылды.
Жобаның мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіз ортада қалыптасуына ықпал ету.
Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі Дінмұхаммед Бәйкенже жобаның ерекшеліктері мен алғашқы нәтижелеріне тоқталды.
— «Адал бала» — мектеп оқушыларының құқықтық сауатын арттыруға арналған цифрлық платформа. Жобаны әзірлеу кезінде әр баланың жас ерекшелігіне назар аудардық. Сондықтан оқушыларды үш жас тобына бөліп, әрқайсысына түсінікті әрі қолжетімді форматта ақпарат беруді қарастырдық.
Мысалы, бастауыш сынып оқушыларына күрделі заң терминдерін қолданбаймыз. Оларға прокурордың кім екенін түсіндіргенде, «Прокурор — заңды түсінуге және сақтауға көмектесетін адам» деген секілді бала тіліне жақын анықтамаларды пайдаланамыз. Контентті дайындау кезінде психологтарды да тарттық. Өйткені ақпарат баланың жасына сай әрі дұрыс қабылдануы маңызды, — деді Дінмұхаммед Бәйкенже.
Платформа жеті бағытты қамтиды. Олардың қатарында буллинг, зорлық-зомбылықтың алдын алу, есірткіге қарсы түсіндіру жұмыстары, қаржылық сауаттылық және «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау бар.
Әр тақырып анимациялық бейнероликтер арқылы түсіндіріліп, білімді бекіту үшін тест тапсырмалары ұсынылады.
— Жоба өткен жылдың қараша айынан бастап өңіріміздегі мектептерде қолданысқа енгізілді. Бүгінде 301 мектептің 180 мыңнан астам оқушысы платформаны пайдаланып отыр. Бір жыл ішінде оң өзгерістер байқалды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен суицид көрсеткіштерінің төмендеу динамикасы бар. Алдағы уақытта платформаны жаңа модульдермен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде тәуекел тобындағы және ерекше назар аударуды қажет ететін балалармен жұмыс істеуге басымдық береміз, — деді ол.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.