"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарСпорт

ХІІ ЖАЗҒЫ ГИМНАЗИАДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Қазақстан оқушыларының ХІІ жазғы Гимназиадасы аясында Алматы қаласында 12-15 шілде аралығында президенттік көпсайыс өтті.

Президенттік көпсайыс – күрделі қолданбалы спорт түріне жатады. «Алматы Арена» спорт кешенінде, «Отан» тир-спорт клубында, Туризм және спорт академиясының бассейнінде Гимназиада қатысушылары жеке және командалық форматта снаряд лақтыру (150/300/500 гр), спринт (60/100 м), оқ ату (10 м), жүзу (50/100 м), төзімділікке жүгіру (500/1000/2000 м) спорт түрлері бойынша техникалық тұрғыда жоғары дайындықтарын көрсетті. Республикалық жарыста үздіксіз дайындықпен келген ең шебер 42 спортшы өнер көрсетті. Олардың сапында Ақтөбе облысының намысын қорғаған хромтаулық оқушылар да болды.

ҚР оқушыларының ХІІ жазғы Гимназиадасы аясында президенттік көпсайыстан Ақтөбе облысының ер балалар құрамасы қатарындағы хромтаулық 12-13 жас шамасындағылар арасында Данил Осипов, 14-15 жас аралығында Ярослав Наумов жекелей сында бірінші орынды жеңіп алса, 16-17 жас аралығында Максим Никоноров үшінші орын иеленіп, жалпы командалық есепте ер балалар командасы чемпион атанды.

Ал, қыздар құрамасынан жекелей сында жерлесіміз Ксения Шамальц 12-13 жас аралығында үшінші орынға қол жеткізіп, жалпы командалық есепте қыз балалар командасы екінші орынға ие болды.

Қос құраманың жаттықтырушылары Н.Құрманғазин, Р.Құрманғазин, Р.Штолинсая, А.Салқымбаева, А.Жамалов, А.Нығметовтер шәкірттерінің алдағы уақытта да табысты болатындарына сенімді.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ