Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында облыс әкімі жанынан құрылған ақпараттық-үгіт насихат тобы Әйтеке би және Ырғыз аудандарының тұрғындарымен кездесті.
Кездесулер барысында Жолдауда айқындалған ел дамуының басым бағыттары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, көлік-логистика саласын жетілдіру, цифрлық экономика мен жасанды интеллектіні енгізу, қала және ауыл инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне баса назар аударылды.
Сонымен қатар адами капиталды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру, медицина инфрақұрылымын жақсарту бағыттары да талқыланды. Әсіресе мұғалім мәртебесін көтеру, білім беру жүйесіндегі артық есептілік пен қағазбастылықты азайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмалары ұстаздар тарапынан қолдау тапты.
Кездесулерде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Қатысушылар ана тілінің абыройын асқақтату — барша қазақстандықтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Аудан тұрғындары, ауыл ақсақалдары, ұстаздар мен еңбек адамдары Жолдауда көтерілген бастамаларға пікір білдіріп, сұрақ қойды. Ақпараттық топ мүшелері сауалдарға жауап беріп, ел дамуының стратегиялық бағыттары жөнінде түсінік берді.
Қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға барша азаматтың атсалысуы қажеттігін жеткізіп, бастамаларға қолдау білдірді.
Нұрдәулет АЛДАШЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы.
